Көне шаһар Баршынкентте ірі кесене табылды
Сыр бойындағы көне шаһар Баршынкентте ірі кесене табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Археологтар Қышқала аталған мекенде сегіз қырлы медресеге кезікті. Қалашықтағы ғимараттардың бәрі қыштан қаланған. Сондықтан қала Алтын Орданың мәдени-саяси орталығы болған, - дейді тарихшылар.
Археологтар алғашқы қазбаның өзінде-ақ қабырға өрнектері өткір пышақпен қиылып салынған үлкен 4 кесенеге кезіккен. Ауданы 28х20 метр болатын нысанда Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіндегі қазандық бөлмесі секілді зиярат ететін жері анықталды. Ал оған қарсы беттен кесененің иесі боп есептелетін адамның жерасты қабырханасы табылып отыр. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалашық Алтын Орда дәуірінде гүлденіп, ірі экономикалық орталық болғаны ғылыми түрде дәлелденіп жатыр.
Мадияр Елеуов, тарих ғылымдарының докторы:
- Үргеніш пен орталық Қазақстанды, қазіргі Астанаға дейін жол өткен. Бір жол мына дарияның жағасымен өткен. Сосын бұдан шығып, Самарқанд пен Бұқараға баратын жол бар. Мысалы, бұл жерден Қытайдың монетасы табылды.Үнді мұхиты жағасындағы жәндіктер табылды. Балықтың, пілдің, киттің суретін салған. Ол деген сөз – Ұлы Жібек жолының осының үстімен өткенінің тікелей айғағы.
Тарихшылар Алпамыс батырдың жары Гүлбаршынның есімі берілген қалашық қазақтың қилы кезеңдерінің куәгер-шаһары екенін айтады. Шыңғыс ханның ұлы Жошы Сырдың төменгі ағысындағы қалаларды басып алуға шыққан жорығында дария арнасын Баршынкентке бұрып, су алдырып жіберген. Дегенмен археологтар мұндағы нысандардың жақсы сақталғанына таңданыс білдіріп отыр.
Мадияр Елеуов, тарих ғылымдарының докторы:
- Бізде Қазақстанда мұндай басқа қала жоқ. Жоқ. Аты бар да, заты жоқ. Мысалы, Жент деймін, оның қайда екенін ешкім білмейді. Сондықтан бұл ескерткішті сақтау, келешек ұрпаққа жеткізу – билікте отырған азаматтардың, ғалымдардың тікелей алдындағы міндеті. Егер сақтамасақ, бұл жойылып кетеді. Сыртын қоршау керек. Сонан кейін зерттеу жұмыстарын белгілі бағытта жүргізу керек. Беталды емес, арнайы бағдарлама жасап. Өйткені әр ашылған құрылысты қалпына келтірсек, ол тағы 200-300 жыл тұрады.
Өзге жұрт ескерткішті жоқтан жасайды. Ал біз бай дүниені, атадан қалған мұраны көрсете алмай отырмыз, - дейді отандық ғалымдар. Сығанақ пен Сауысқандықтағы тасқа қашалған суреттер бүкіләлемдік ескерткіштердің алдыңғы тізіміне енген. Солар қазір жермен-жексен болып бара жатыр. Сондықтан тарихшылар жергілікті билікке Баршынкентті қорық-музейге айналдыруды ұсынып отыр.
Ерғазы Алданазаров, «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау» ММ директоры:
- Туристерді тарту мақсатында содан бастағымыз келіп отыр. Аудан, ауылдың оқушыларын тарту. Балалардың қызығушылығын арттырып, балаларды әкеліп, көрсетіп, таныстырып, біздің тарихымызды баяндайтын нақты деректерге байланысты түрлі шаралар ұйымдастырылатын болады.
Жалпы биыл облыс аумағында Баршынкенттен бөлек, Сығанақ пен Жанкент қалашықтарында қазба жұмыстары жүріп жатыр.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин.