Жезқазғанда көне домбыралар көрмеге шығарылды
Жезқазған музейінде сақтаулы тұрған көне домбыралар көрмеге шығарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Дүлдүл әншілер мен дәулескер күйшілердің қолтаңбасы қалған мұраларды алғашқы болып өнерпаз жастар тамашалады. Шеберлер тарихы ғасырдан асатын ұлттық аспаптар жайлы жұрт біле бермейтін деректермен бөлісті.
Күйшілік мектебіне байланысты қазақ даласында домбыраның жасалу ерекшелігі де сан түрлі. Жезқазған музейінде негізінен арқа ән мектебін қалыптастырған өнерпаздардың домбыраларының көшірмесі сақталған. Аса маңызды жәдігерлердің қатарында атақты әншілердің де домбырасы бар.
Диана Қапбарова, музей қызметкері:
- Бұл домбыра – біздің музейіміздегі этнофольклорлық коллекциядағы көне жәдігерлердің бірі. Төкпе ақын орталық Қазақстаннан шыққан Жапақов Маясар ақынға тиесілі. Яғни, қос ішекті, қайыңнан жасалынған домбыра. Бұл домбыраны бізге 1985 жылы Жапақов Маясардың ұлы Әбдіқұл тапсырған болатын.
Зерттеушілер домбыра аспабы осыдан 4 мың жыл бұрын жасалған дейді. Өнерпаздың қабілеті мен тыңдарманның талғамына орай қазіргі бізге жеткен сипатына дейін көптеген сатыдан өтті. Көрмеге қойылған көне домбыралардың түрлері жайлы жас өнерпаздарға шеберлер ақпар берді.
Эльвира Мұхамедина, музейдің экскурсия бөлімінің басшысы:
- Жалпы Қазақстанның әр өңірі домбыраны әртүрлі жасаған. Яғни, өздерінің орындаушылық дәстүрі мен қатар шеберлерінің қыр-сыры маңызды болған досы домбыраға қарап. Жалпы домбыра әртүрлі жасалғанымен, оның бөлшектері ортақ.
Елдос Кәкенов, тілші:
- Бұл – осындағы ең көне домбыра. Қарағайдан шабылған. Музей қызметкерлері 1980 жылы Ұлытауға шыққанда экспедиция кезінде ауыл азаматы табыстаған көрінеді. Нақты қай жылы жасалғаны белгісіз. Зерттеушілердің пайымдауынша, мұндай формадағы домбыралар ХІХ ғасырдың 20-50 жылдарына тән көрінеді.
Қазақпен бірге жасап келе жатқан ұлттық аспапты үйренбес бұрын тарихын білу маңызды, - дейді ұйымдастырушылар. Сондықтан көрмені алғашқы болып жас домбырашылар тамашалады. Алдағы уақытта жастардың қатысукымен түрлі тарбие сағаттарын өткізу де жоспарда.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.