Арқалықта бір мезгілде 1500 адам күй тартты
Арқалық қаласында бір мезгілде 1500 адам күй тартты.
Жергілікті тұрғындардан құралған домбырашылардың ең үлкені 88-де, кішісі 7 жаста. Олардың арасында ұлттық аспапты алғаш қолға алғандар да бар. Гиннестің рекордтар кітабына енерлік ерекше мәдени шара Домбыра және қала күніне арналған.
Ұлттық аспапты ұлықтаған мерекелік шараға жиналған халық үлкен стадион ішін лық толтырды. Ортада мың бес жүз адамнан тұратын домбырашылар құрамы. Олардың қатарында дәулескер күйшілер де, қос шекті аспапта ойнауды енді үйреніп жүргендер де бар.
Қуанышбай Қазымбеков, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Жаттығу арқылы келетін нәрсе ғой, не нәрсе де. Осыған бірнеше күн, айлап дайындалып, бірдей шығатындай қылдық деп ойлаймын.
Мың бес жүз домбырашы жеті күй тартып шықты. Күмбірлеген домбыра үні кеңістікті кернеп кетті. Бір қуантарлығы Арқалықта жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығы жылдан жылға артып келеді.
Алмагүл Жұмабаева, шараны ұйымдастырушы:
- Былтырғы жылы болды, өтті бұл іс-шара мың домбырашы болатын, биыл мың жарым. Сондықтан да халық үйреніп келе жатыр. Арқалық қаласының өңіріндегі біздің ауылдық аймақтардан, 13 ауыл округтері бар. Және де қала тұрғындары. Барлығы жиналғанда мың жарымнан бір-ақ шықты.
Мың бес жүз адамның басын қосып, әуенді бір екпінде нақышына келтіріп орындап шығу оңайға соққан жоқ. Оның дайындығына жарты жылдай уақыт кеткен.
Бораш Әбенов, дирижёр:
- Қиындығы болды. Біз ең бірінші бұларды өз мектептірнде дайындадық бөліп-бөліп. Колледждерде өздерінде. Содан кейін екі-үш ай өткеннен кейін, бөдек-бөлек жүз адамнан, екі жүз адам жинап. Оны мынау спорт залымыз бар, сонда қайталап үйретіп отырдық.
Жиналған жұртшылық алдында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев өңір басшысының құттықтау лебізін жеткізді. Ал қала әкімі Әмірхан Асанов мерекелік шараға атсалысқандарға алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыс етті. Сый-сияпатқа ие болғандардың арасында 24 домбырашыдан тұратын Бөлтіріков әулетінің өкілдері де бар.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг