Ақмола облысында домбыра күніне екі мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылды

Ақмола облысында ұлттық домбыра күніне орай екі мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылды.

Оның ішінде түрлі мерекелік кештер, акциялар мен күйшілер байқауы бар. Яғни тек облыс орталығында ғана емес, барлық аудан, ауылдарда қос ішектің үні естіліп, ұлттық аспап ерекше ұлықталды. 

Абылай хан алаңындағы мерекелік іс-шара көкшетаулықтарды еріксіз тәнті етті. Ол жерде бір мезетте мың жарым күйші Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» және «Сарыарқа» сияқты атақты күйлерін орындады. 

Диас Өмірбеков, оқушы:

- Біз келешек ұрпақ боламыз, сондықтан домбыраны үйреніп сақтау керекпіз. Өйткені бұл ұлттық аспабымыз. Онымен көптеген ақындарымыз ойнаған. Мен домбыраға арнайы уақыт бөлемін. Күніне тек жаттығу үшін 15-20 минут бөлемін. 

Акцияға кәсіби күйшілермен қатар әуесқой домбырашылар да қатысты. Басым бөлігі жас буын. Қазір өңірде ұлттық аспапқа деген қызығушылық жоғары. Аймақта 36 домбырашылар ансамблі мен 45 үйірме жұмыс істейді. 

Елдос Рамазанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген даналық сөзді ұран еткен халқымыздың көне төрінде домбыраның ерекше екендігіне бүгінгі шара айқын дәлел. Домбыра дегеніміз жай ғана аспап емес, ол бабаларымыздан қалған асыл мұра, әр қазақтың рухы мен жаны. Ән мен күйдің бесігі саналатын арқа төрі Ақмола өңірі үшін бұл мерекенің орны ерекше. Көкше өңірінде ән атасы Біржа салдың, Ақан сері мен Үкілі Ыбырайдың көркем өнерлері өмірге келді. 

Мереке аясында облыстық жас күйшілер байқауы да өтті. Алғашқы айналымда іркілмей өткен 12 қатысушы ақтық кезеңде өзара мықтыны анықтады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған жүлдегерлер орталық алаңда ақшалай сыйлықтармен марапатталды. 

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный