Ақтөбедегі музейде танымал тұлғалардың домбырасы сақтаулы тұр
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде танымал тұлғалардың домбырасы сақтаулы тұр.
Нұрпейіс Байғанин, Бақыт Басығараев ұстаған аспаптарды музей қызметкерлі көздің қарашығындай сақтап келеді. Ұлттық домбыра күні қарсаңында жәдігерлер жұрт назарына ұсынылды. Шараға тек домбырашылар емес, аспап жасайтын шеберлер де келді.
Ерқосай Әбілов елімізге белгілі қолөнер шебері. Отыз жыл бұрын ағаш жонып домбыра жасай бастаған. Осы уақыт аралығында мыңдаған музыкалық аспабы халық арасына тарапты. Шебер өнерпаздардың қолында күмбірлеп қана емес, танымал саяси тұлғалардың төрінде де шағын шеберханасында жасалған қара домбыра ілулі тұр дейді. Соңғы жылдары зергерлікке бет бұрған зейнеткер бүгінгі шараға жиналғандарға ұлттық аспапты жасаудың құпиясымен бөлісті.
Ерқосай Әбілов, қолөнер шебері:
- Домбыраның да, оның жасаған шебердің де абыройын көтеретіні ол домбыраның шыққырлығы ең бастысы. Қанша алтынмен аптап, күміспен күптеп қойсаң да даусы шықпаса ол аспап емес. Жаңағы айтпай ма "алтын ерің атқа батса, алтынын ал да отқа жақ",-деп. Сондықтан да дауысы төмен домбыра еш уақытта абырой әпермейді.
Облыстық өлкетану музейінің қорында 30-дан астам домбыра бар. Ішінде өңірге, тіпті елімізге танымал тұлғалардың шерткен аспаптары да кездеседі. Нұрпейіс Байғанин, ұлы Момын Байғаниннің жеке домбырасы да көпшіліктің құнды жәдігеріне айналған. Бүгінгі шарада аталған бұйымдардың көрмесі де ұйымдастырылған.
Жаңылған Данабаева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің сектор меңгерушісі:
- Біздің қорда Айса Шәріповтың домбырасы, Балтұрсын Сарыбаеваның, күйші Бақыт Басығараевтың, Момын Байғаниннің түпнұсқа домбыралары экспозицияда, қорда сақталған. Ағаш шебері Қарам Қамбасшиннің бала домбырасы 1975 жылы музейге түскен.
Ұлттық домбыра күніне арналған тарихи-танымдық шарада төл өнерімізді жалғастырып келе жатқан Жайлау Асылханов, Демеу Жолымбетов, Өмірхан Жетесов сияқты дәстүрлі әншілер, «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сарин сынды белгілі майталмандар өнер көрсетті.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков