Астананың 25 жылдығы: үздік жас қаламгерлерге жарты млн теңгеден табысталды
Астананың 25 жылдығына орай 25 ақын-жазушы марапатқа ие болды.
"Үздік жас қаламгер" байқауының барлық жеңімпазы 500 мың теңгеден олжалады. Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл доданың ерекшелігі неде?
Отты жырларымен танылған Жұлдызай Ысқақ үшін бұл толқынысқа толы күн. Ұдайы елдің қуанышына марқайып, мұң-қайғысын өлеңімен жұбататын ақын олжалы болды. Өзі де жүйріктердің қатарынан көріну үлкен абырой дейді.
Жұлдызай Ысқақ, ақын:
- Үздіктердің қатарында болу, әрине көңілге қонымды, ерекше сезімде тұрмыз. Бұл байқауға Астанаға арналған бір өлеңімізбен, қосымша екі еркін тақырыпта поэзиялық шығармамызды ұсынған болатынбыз. Нәтижесі осы.
"Үздік жас қаламгер" бәйгесіне 100-ге тарта ақын-жазушы қатысты. Талап бойынша үміткерлер Елорданы арқау еткен бір шығарма мен еркін тақырыптағы 2 туындыны жіберу керек. Қазылардың көңілінен шыққан 25-і іріктелді. Жеңімпаздарға 500 мың теңгелік ақшалай сыйлық бұйырды. Ұйымдастырушылар шығармашыл қауым үшін елінің қамқорлығын сезіну маңызды дейді.
Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы:
- Өлең жазатын, әңгіме проза жазатын жастардың көбі журналистикада жүреді, болмаса мектепте сабақ береді. Олар не мемлекеттік қызметшіге жатпайды, сондықтан осы жастардың үй алу жағына да біз бағдарламалар жасауымыз керек сияқты. Өйткені Алматыда шығармашыл жастарға арнайы бағдарлама болды. Біз де өзіміздің жазушылар одағы тарапынан әкімдікке "Астана шығармашыл жастары" деген бағларлама ұсынысымызды айтқанбыз.
Елорданың өркендеуіне шығармалары арқылы үлес қосып жүрген жас қаламгерлер мерекесі енді дәстүрге айналады. Бұған дейін біразына әкімдік тарапынан гранттар бұйырған еді. Келешекте құрметке бөленетіндер қатары арта түседі.
Мерей Мұратханқызы, Марат Диханбаев