Астанада әскери оркестрлер фестивалі аяқталды
«Астана –мәдениет керуені» осылай аталған әскери оркестрлердің бірінші Халықаралық музыкалық фестивалі аяқталды.
8 мемлекеттің қарулы күштерінің ұжымдары, үш күн бойы, елорда жұртшылығы алдында өнер көрсетті. Бүгін «Барыс Арена» мұз сарайында ауқымды фестиваль гала-концертпен түйінделді. Әскери фестиваль қалай өтті? Шет елден келген қонақтардың ұйымдасытру деңгейіне көңілі тола ма?
«Астана –мәдениет керуені». Осындай атаумен өткен әскери оркестрлердің бірінші халықаралық фестивалі шет елдік қонақтар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Қазақстан әскерилерінен бөлек Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Жапония елдерінен бас-аяғы 500-ге тарта музыканттар жиналды. Ал Пәкістан делегациясы байқаушы ретінде қатысты. Фестивальге ерекше дайындықпен келген бұл музыкалық ұжымдардың кәсіби әлеуеті жоғары. Барлығы да өз елдерінің мақтанышы.
Варенк Сенкх, Үндістанның әскери-әуе күштері оркестрінің жетекшісі:
- Қазақстанға алғаш рет келуіміз. Қазақстан халқының қонақжай екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Фестиваль өте жоғары деңгейде өтті. Шараның ұйымдастырылуы көңілімізден шықты. Біздің репертуарымыздағы Үндістанның дәстүрлі әндерінің бірін орындадық. Және өзіміздің ұлттық аспаптың сүйемелдеуін қостық.
Біздің елдің атынан Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Қарулы Күштерге қарасты Ұлттық әскери-патриоттық орталығының оркестрі және Ұлттық ұланның ұжымы қатысты. Олар марш, эстрада, джаз және танымал классикалық бағыттағы туындыларын орындап, көрермен ықыласына бөленді. Әр команданың өзіндік стилі және музыкалық қолтаңбасы бар. Халықаралық фестиваль достық байланыс пен елдер арасында мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Бүгінгі гала концертте әр елдің әскери оркестрлері бірлескен қойылымдарын және музыкалық театрландырылған көрініс ұсынды.
Арман Әсенов, ҚР Қарулы күштерінің әскери-патриоттық орталығының бастығы:
- Енді бүгін гала-концерт. Ең мықты, ең жақсы, ең керемет әдемі номерлер көрсетеді. Бүкіл дүние жүзінде осындай алты ғана фестиваль бар. Әскери музыкалық фестиваль. Бірақ біздің ерекшелігіміз, бұл фестивальге барлық жақтан келді. Азиядан, Япониядан келді.
Азамат Серікхан, тілші:
- 8 мемлекттен келген әскери оркестрлер "Барыс-Аренаға" жиналған жеті мыңға жуық көрерменге өз өнерлерін ұсынуда. Қарулы күштердің музыкалық ұжымдарының дайындығы жоғарғы деңгейде. Бұл елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтады. Сол себепті игі шара алдағы уақытта да жалғасын таппақшы.
Азамат Серікхан, Наурызбай Құрманғазы