Қарағандылық биші әжелер Бішкекте бірінші орын алды

Қарағандылық әжелер Қырғыз елінде өткен Орталық Азияның VIII Халықаралық би олимпиадасында топ жарып, бас жүлдені иемденген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кеткен жөн, бұл айыр қалпақты ағайындардың елінде 8 жыл бойы дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан ең ірі би жарысы болып есептеледі. «Нұрби» үлгілі би ансамблі мүшелерінің ең жасы 65-те болса, егде тартқаны 85-ке келіпті.

Тарихы терең Бішкектің төрінде біздің әжелер еркін ойқастайды. Орталық Азиядағы олимпиаданың ортасында мың бұралған олар қарсыластарға еш мүмкіндік бермеген.

Нәтиже мынау: 2 кубок және диплом. Рашида әжей жастайынан биді ұнатыпты. Бірақ кәсіби түрде тек зейнетке шыққанан кейін барып айналысқан.  

Рашида Ақамбаева, биші:

- Қиындықтар болды. Өзіммен қайта-қайта жұмыс жасап, себебі анау жерден І орын алу керек болды. Патриоттық сезім дейді ғой, Қазақстан, Қарағандының атынан шыққаннан кейін өзіміз сондай жоғары деңгейде болдық.

Топтың құрамында 25 биші бар. Арасында элеватор технологы, дәрігер, тәрбиеші, мұғалім, мемлекеттік қызметкер мен сауыншы да кездеседі. Жетекші оларды биге қабылдаған кезде темірдей тәртіп пен дайындыққа кешікпеу керектігін ескерткен. Жарқын жеңіс – осының нәтижесі, - дейді ол. Жалпы әжелердің барлығы басқа салада істегенімен, балалық арманы өнерді қалаған.

Нұрлан Мұқатаев, «Нұрби» үлгілі би тобының жетекшісі:

- Біздің арамызда бір апа бар. Ол ылғи сиыр сауатынмын, сахнаға шыққым келетін деп айтады. Мүмкіндігім болмады дейді. Қазір зейтенке шыққан соң сахнаға шығып, ел, жер көріп жүр. Қуанып жүрміз дейді. Біз енді бүкіл елге, Қазақстанға осындай апаларымыз бар екенін көрсеткіміз келеді.

Әжелердің репертуарында 15-ке жуық би бар. Көбі – ұлттық билер. Шығармашылық топ алдағы уақытта өз өнерімен облыстың бірқатар өңірін аралап, концерт беруді жоспарлап отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев.