Алматыда Айгүл Шамшиденованың жеке концерті өтті
Әлемге танымал опера әншісі Айгүл Шамшиденова алматылық тыңдармандармен қауышты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Классикалық музыка саласындағы шоқтығы биік әншінің жеке концерті Алматы театрында өтті. Талғамы жоғары тыңдарман ұлы композитордың ірі романсынан ләззат алып, әртүрлі тілдегі арияның орындау шеберлігін көрді.
Айгүл Шамшиденованың күміс көмейінен шыққан арияны тебіренбей тыңдау мүмкін емес. Кең диапазоны кез келген классикалық шығарманың шоқтығын асырады. Тыңдарман италия, франция, чехия тілдеріндегі танымал ариядан ляззат алды. Опера әншісі 13 жасынан бастап әлемдік байқауларды бағындырған.
Айгүл Шамшиденова, опера әншісі:
- Туған жерде жеке концертімді жыл сайын өткізуге тырысамын. Жамбыл атындағы филармонияда, Астана операдағы концертке қатысып тұрамын. Пандемиядан кейін Австрияда концерттер бердім. Ал Қазақстандағы жеке кешімді өткізу көптен бері жоспарым болатын.
Айгүл Шамшиденованың тыңдарманы көп. Ол отандық опера өнерін классикалық музыканың мәдени ордасы Австрияда дәріптеп жүр. Венадағы Mahler филармониясының жетекші солисі бұл жолғы кешін танымал композитор Сергей Рахманиновтың 150 жылдығына арнады.
Берлин Иришев, дипломат:
- Мен бірінші рет емес, екінші рет. Бір рет Венада тыңдағам, сондықтан репертуарына қарағанда, дауысына қарағанда ерекше әнші. Өз қолымен жасап, өзін жоғарыға шығарып, конкурстардан өтіп, таланттылығын білдірген.
Зайтуна Жандосова, журналист:
- Менің ойымша, Айгүлдің еңбегі Қазақстан үшін орасан. Себебі ол қазақстандық опера өнерін әлемге танымал етіп, осындағы жас таланттарға көмектесіп жүр. Мұндай еңбек елімізде лайықты бағаланып, марапатталуы керек.
Ұлы композиторлардың романсымен басталған классикалық кеш, әлемге танымал ариялармен жалғасып, қазақ вальсімен аяқталды.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев.