Павлодарда қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер жұртшылық назарына ұсынылды
Павлодарда археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер жұртшылық назарына ұсынылды.
Облыстық музейде ашылған көрмеге қола және темір дәуірлеріне тиесілі бірегей артефакттар қойылды. Олардың басым бөлігі Тәуелсіздік жылдары зерттелген. Көрменің ерекшелігі сол, экспонаттың барлығы түпнұсқа күйінде сақталған.
Бұл сегізінші ғасырда өмір сүрген қимақ батыры киген сауыттың бөлшектері. Сауыт-сайман Май ауданында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған. Құнды жәдігерге нұқсан келтірмеу үшін музей қорында сақтаған. Бүгінгі көрмеге алғаш рет қойылды. Әлемдік ғылыми қауымдастықтың қызығушылығын тудырған жәдігерлердің көшірмелері жұрт назарына ұсынылды.
Георгий Пересветов, археолог:
- Біз Қазақстанның өзге өңірлеріндегі қазба жұмыстарына да қатыстық. Мәселен, Сақ дәуірінде өмір сүрген Тақсай патшайымы жатқан қорым. Осы көрмеге бірегей жәдігерлердің, яғни, тарақтың көшірмесін қойдық. Тарбағатай ауданынан табылған Ұржар патшайымының бас киімі мен алтын әшекейлерінің де көшірмесін өзіміз жасадық. Тұрғындарға көшпенділер тарихы туралы барынша мағлұмат бергіміз келеді.
Басты мақсат - Еуразияның ұлан-ғайыр даласын мекен еткен көшпенділердің мәдениетімен таныстыру. Мамандар Баянауыл, Май, Тереңкөл аудандарының тарихи ескерткіштеріне тиесілі артефактарды жинақтаған. Көрмеге жүзден астам жәдігер қойылды. Оның ішінде қыш ыдыстардың ірі коллекциясы көзге түседі.
Георгий Пересветов, археолог:
- Қорымызда Андронов тайпалары қолданған қыш ыдыстар көп. Сақтардың тұрмысында кездесетін ыдыстардың бір бөлігін да көрмеге қойдық. Қызығы сол, құмыралардың осындай үлгілері алғаш рет 13 жыл бұрын табылған. Ал оған дейін кездестірген жоқпыз.
Жұртшылықтың қызығушылығын арттыру үшін, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Мамандар жыл соңына дейін тағы 12 жобаны іске асырады.
Надежда Шомина, Г. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:
- Келушілер арасында музей билеттерінің ұтысын ұйымдастырамыз. Ұтысқа белсенді тұрғындар қатысады. Павлодарлықтардың өлке тарихына деген қызығушылығын арттыру үшін музейлерде фотосессия ұйымдастыруға да рұқсат береміз. Бір тұрғын көрмеге 10 досын әкелсе, экскурсияны тегін өткізіп береміз.
Креативті жобалар нәтижесін беруде. Григорий Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің экспозицияларын бір айда бес мыңға жуық адам тамашалайды.
Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат және Марат Игіліков