Елордада Абай Құнанбайұлының туған күніне орай шығармашыл жастардың кеші өтті
Елордада ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай шығармашыл жастардың қатысуымен кеш өтті.
Жас өнерпаздар Абайдың қара сөздерін оқып, әндерін орындады.
Әл-Фараби Серіков, тілші:
- Елімізге белгілі қаламгерлер Абайдың өлеңдерінен үзінділер оқып, өз арнауларын дүйім жұртқа паш етуде. Мақсат қоғамға оның ішінде жастар арасында біртуар ақынның шығармашылық мұрасын насихаттау. Әлеуметтік желілерде де Абайдың өлеңдерін оқудан арнайы челлендж ұйымдастырылып жатыр. Ерекше белсенділік байқалады. Қазіргі тілмен айтқанда ақынның өлеңдері әрқашан «трендте» болуы тиіс.
Абайдың шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған. Өз заманында елге үлгі болып, қалың қазақтың рухын оята білді. Терең мағыналы сөздерімен, өлеңдерімен тұтас ұлтты тәрбиеледі. Ғұмырын ғылым мен білімге арнады.
Нұржан Жетпісбаев, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:
- Біз мұндай шараларды тек қана Абай атамыздың туған күнінің қарсаңында ғана өткізбейміз. Әртүрлі форматтарды қолдана отыра жазып кеткен әнін болса, қандай да бір ғибратты сөздерін болсын оны халық арасында кеңінен насихаттау. Барлық 20 өңірде біздің есептеуімізше 20 мыңға жуық жас қазақстандықтар Абай атамыздың Желсіз түнде жарық ай, Көзімнің қарасы әндерін бір форматта орындайды деп күтіп отырмыз.
Ғұлама Абай отыз екінші қара сөзінде: "ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын!" дейді. Абайдың мұрасы кейінгі буынға азық болды. Нақыл сөздері күні-бүгінге дейін маңыздылығын жоғалтқан емес!
Батырхан Сәрсенхан, ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты:
- Абайдың әсерімен алаш ардақтылары шықты. Алаш ардақтыларынан артынан мүйізі қарағайдай ақын жазушылар өріп шықты 20 ғасырда. Алаш ардақтыларының бәрі Әлихан, Ахмет Абайдың идеясын қолдады. Абайдың ұлтқа қызмет ету, адамдықты күзету, адамгершілікті алға қою.
Иә, ұлы ақын, отанға адал қызмет етіп, білімге деген құштарлықты арттыруға, татулық пен ауызбіршілікке ұмтылуды үндеді. Қазақ даласына пәлсапалық мағынасы терең шығармаларды қалдырды. Қазақ барда Абай мәңгі жасай бермек.
Әл-Фараби Серіков, Мұрат Әріпханов