Өзбекстанда Абай күні атап өтілді
Өзбекстанда Абай күні атап өтілді.
Ұлы ақын ескерткішіне гүл шоғы қойылып, тағзым етілді.
Ал Ташкент педагогикалық университетіндегі Абай музей-экспозициясы жаңа кітаптармен толықты. Оның ішінде, ақынның қара сөздерімен қоса, өлең жинақтары да бар.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Ұлы ақын, ойшылымыздың ескерткіші орналасқан бұл көше кейінгі 10 жылдан бері Абай атымен аталады. Өзбекстан қазақтың кемеңгер тұлғасын осылай құрмет биігіне көтерген. Ал ескерткіш 2013 жылы ашылды. Биіктігі соншалық, алыстан мен мұндалайды. Ташкентте ақынның атында арнайы музей-экспозиция да бар. Кез келген өзбекстандық барып, Абай мұрасын зерттей алады. Сол арқылы бүкіл қазақтың бітім-болмысын таниды.
Өзбекстан үкіметі 2018 жылы Абай мұрасын тану әрі кең насихаттауға арналған қаулы қабылдады. Сол құжат негізінде өлең жазудан түрлі шығармашылық сайыстар өтті. Арнайы деректі фильм де түсірілді. Кейін бауырлас ел астанасында Абай музей-экспозиясы ашылды. Бүгінде бұл орын қазақ жастарының шығармашылық ортасына айналған.
Бердібек Жүсіпов, Низами атындағы Ташкент педагогика университетінің оқытушысы:
- Қазақ жастары осы жерде қазақ тарихын үйренеді. Абайды оқиды. Соған мүмкіндік береді. Осы жерді өзбекстандық қазақ жастарының көкірек көзін ашатын киелі орын десек болады.
Таяуда музей Қазақстаннан әкелінген жаңа кітаптармен толықты. Қазір мұнда Абай ғана емес, Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин сынды көрнекті ақын-жазушылардың шығармалары бар. Шағын музейде қазақтың арғы-бергі тарихын тануға да болады. Бұл ең әуелі кейінгі буын үшін маңызды.
Бердібек Жүсіпов, Низами атындағы Ташкент педагогика университетінің оқытушысы:
- Абайға тиісті болған естелік, жәдігерліктерді біз Қазақстаннан алдырдық. Семей қаласындағы Абай қорық-музейінен жүздеген кітап келді. Сондай-ақ Абай атындағы педагогика университетінен де кітаптар алынды. Күні кеше Букетов атындағы Қарағанды университетінен де 200 еңбек әкелінді.
Музей жәдігерлерін ұстаздар дәріске қолданып жүр. Қазір Низами университеті қазақ тілі мен әдебиеті пәні бағытында жылына 30-ға жуық маман даярлайды. Соның бесеуіне мемлекеттік грант бөлінген. Атаулы датаға орай, Ташкенттегі Абай ескерткішіне қазақстандық дипломаттар гүл шоқтарын қойды. Әрі ақын шығармаларынан үзінді оқып, республикалық челленджге үн қосты.
Қазақты тану үшін Абайды, ал өзбекті тану үшін Науаи шығармаларын оқу қажет. Бұл өзіндік қалыптасқан ұғым. Бауырлас ел де Абайды өз халқын әркез ағартушылыққа үндеп, биік мұраттарға жетелегені үшін біледі.
Рауан Мыңбаев