Абайдың қара сөздеріне 125 жыл толды
Биыл Абайдың қара сөздеріне 125 жыл толды.
Талай ұрпаққа ой салып, ғибрат берген еңбек алғаш рет 1918 жылы жарық көрді. Әлі де өзектілігін жойған жоқ. Сұраныс жоғары. Кітап дүкендері желісінде күн сайын 100 шақты данасы сатылады екен. Ең бастысы, Хакімнің ойын жас ұрпақ та жақсы түсінеді, жатқа айтады.
Ілияс Мықтыбек Хакім Абайдың қарасөздерін 1,5 айда жаттап алған. Бұған анасы мұрындық болыпты. "Естінің сөзін ескерсең, өзің де есті боласың" дегені жүрегіне жеткен. 10 сынып оқушысы ертеңін көп ойлайды. Бұған да ойшылдың философиясы ықпал етсе керек.
Ілияс Мықтыбек, А.Құнанбаев атындағы №87 мектептің оқушысы:
- Болашақ мамандығым актер ғой. Абай қарасөздері дәл осы салада маған азық болып келе жатыр. Қиналған кезде, қиын-қыстау сәттерде маған демеу болды. Менің жолымды ашқан Абайдың қара сөздері.
- Жер жүзінде ұқсамайды.
5-сыныпқа қадам басқан Рахматтулаһ та аға буыннан қалысар емес. Абай оқуларына қатысады. Ойшылдың шығармаларынан шабыт алып, өлең жазуға талпынады. Тіпті 20 қара сөзді мүдірмей айтады.
Рахматуллаһ Жанатқан, А. Құнанбаев атындағы №87 мектептің оқушысы:
- Мен осы мектепке келгелі Абай атамыздың кітабын оқып, жарыстарға қатысып, орындар алдым. Мен Абайдың балалық шағы, яғни бала Абай ролін сомдадым.
1890-1898 жылдар аралығында жазылған Абайдың қара сөздері 20 жылдан кейін ғана жарық көрген. Содан бері бірнеше тілге аударылды. Философиялық толғамдар талай ұрпақтың жанын емдеді. Бағыт берді. Ұлттық академиялық кітапхана оқырмандары да ақынның туындыларын ұдайы сұрайды. Ал 2007 жылы іске қосылған электронды кітапхана Абай мұраларының қазаққа ғана емес, әлемнің жүздеген еліне қолжетімді болуына жағдай жасады. Қазір платформаны 800 мың адам қолданады.
Шыңғыс Бегімтаев, Ұлттық академиялық кітапхананың ғылыми қызметкері:
- Қазнеб деген сайттан біз оқырмандардың кітаптарды қаншалықты көп оқитындарына талдау жасадық. Өте жақсы оқылады екен. Оның ішінде Абайдың қара сөздері де аса сұранысқа ие. Бұл әрине қуантарлық жағдай.
Тіршілігіміз гаджетпен селбесіп кетсе де кітап оқып, рухани байлыққа ұмтылатындар баршылық. Абайды оқып, адам болуға талпынатындар да аз емес.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Танымал кітап дүкендері желісінің мәліметінше, елімізде ең көп сатылатын кітаптар көшін Абайдың қара сөздері бастайды. Ал сұраныс жылдан жылға артып келеді. Ұлы ойшылдың даналығын темірқазық ететіндердің қатарында жас та, жасамыс та бар. Себебі ол өзектілігін жоймайтын мәңгілік мұра.
Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев