Абай шай ішкен самаурын Ұлттық музейге тапсырылды
Хакім Абай шәй ішкен самаурын Ұлттық музейге тапсырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ақын Семейге ат басын тіреген сайын жергілікті кәсіпкер Бекбай Байысовтың үйіне тоқтаған. Шәкәрім де бірнеше мәрте бұл үйде болған. Ертістің жағасында орналасқан ғимарат кейін көпір салынғанда сүрілген. Сол кезде жергілікті коллекционер Айтқали Қыстаубаев үй ауласынан самаурын тауып алыпты. Құнды жәдігерді реставрациядан өткізіп, 30 жыл бойы сақтаған. Музей баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, самаурын 1893 жылы Тулада шыққан. Оны бүгінде өмірден өткен коллекционердің ұлы музейге тапсыруды ұйғарыпты.
Айта кетейік, қазіргі таңда музей қорында, Абай өміріне қатысты 40-тан астам жәдігер бар.
Ермек Бейсембаев, Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының құрылтайшысы:
- Осы үйде жаңағы Абай атамыз бүкіл осы жаңағы Абай бағытынан келген адамдарға ең ыңғайлы осы Байысовтардың үйлері болған екен. Сол жерде Абай атамыз орналасып, сол жерде шай ішкен. 40-шы жылдары Абайдың ең алғашқы мұражайы болды, ашылды. Содан бері жаңағы Данияр Молдабаевтың үйіне көшірген кезде сол үй қаңырап қалды. Әкем сол жерден 2 самаурын тапты, соның жаңағы біреуі – осы.