«Shymqala-ның» келбетін көруге келетіндер көп
Шымкенттің көне тарихынан сыр шертетін мәдени кешенге келушілер саны екі есе артты.
Жыл басынан бері ескі қалашықты тамашалауға 40 мыңнан аса турист келген. Ашық аспан астындағы кешенге көрші Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қытай тіпті Үндістан және Америка мемлекеттерінен саяхатшылар табан тіреді. Бұл туризмнің дамуына оң әсер етіп отыр.
Шымкенттің 2200 жылдық тарихын айғақтайтын «ShymQala» тарихи-мәдени кешені 4,5 гектарды алып жатыр. Мұнда этнотуризмді дамыту үшін Шахристан мен Цитадель аймағы қайта қалпына келтіріліп, орта ғасырлық құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылған.
Салалық саяхат шетелдік туристерді де қызықтырды. Италиядан келген Сара мен Андреа еліміздің дәстүрлі мәдениетін әлеуметтік желі арқылы насихаттауға арнайы ат басын бұрыпты. Әлеуметтік желі қолданушалары арқылы мыңдаған оқырманға Алматы және Шымкент қалаларынан ақпар таратып жүр.
Сара Балделли, турист (Италия):
- Менің алғашқы әсерім – Шымкент қаласы өте әдемі. Қазақстанда өте мейірімді адамдар тұрады екен. Мұнда өзімізді қауіпсіз сезініп жүрміз. Бір аптаның ішінде шаһарды шарлап, барлық көрікті жерлерді көргіміз келеді.
Тарихи-мәдени кешен қызметкерлері шаһарға тиесілі ғылыми құндылықтарды насихаттауда экскурсиялық қызметті жетілдірді. Олар келушілерге қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде таныстырылым жасайды.
Мадина Кенжеқұлова, "Shymqala" тарихи-мәдени кешенінің директоры:
- Жеті айдың ішінде 5 мыңнан аса турист, 35 мыңға жуық Қазақстан азаматы біздің кешенге келіп, экспозиция залдарын және археологиялық аймақтарды тамашалады. Біздің кешеннің ғылыми қызметкерлері жалпы шетелден келетін азаматтарға да өзіміздің қонақтарға да кең көлемде қызмет етеді. Төрт тілде экскурсия жүргізіледі. Қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілінде.
Айта кетейік, «Ескі қалашықта» өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап қазба жұмыстары жүргізілген. Ал 2000-жылдардың басында бұл жерге археологтардың қызығушылығы артып, қазба жұмыстарының ауқымы кеңейді. Нәтижесінде ғылыми дәлелдемелер шаһар тарихының тым әріде жатқанын айғақтап берді.
"Shymqala" тарихи-мәдени кешені көне шаһардың туризм тынысын ашуға бірден-бір сеп болды. Ал келер жылы кешен аумағы тағы 1,5 гектарға ұлғайтылмақ. Өйткені Рабат кезеңіне тиесілі жерлер әлі де зерттеу мен ғылыми ізденістерге сұранып тұр.