«Шымбұлаққа» шыққысы келетін турист көбейген
Алматының ең биік нүктесінде кофе ішіп, тау басында суретке түсу – туристердің сүйікті ісі.
«Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты отандық және шет елдік қонақтардың негізгі туристік орталығы саналады. Демалыс орны жылдың әр маусымына байланысты әртүрлі демалыс түрін ұсынады. Қыста шаңғы теуіп, жазда тау бөктеріне жаяу көтерілуге болады.
Қаланың ортасынан «Шымбұлақтың» ең биік нүктесіне дейін бір сағатта жетуге болады. Мұнда орташа ауа температурасы жазда +20 градус болса, қыста 7 градус нөлден төмен. Ауа райына байланысты тосын мінез де көрсетіп тұрады. Соған қарамастан тауға шығатын туристер саны жыл бойы саябырсымайды. Жазда велоспорт, альпинизм, ат міну сынды көптеген спорттық демалыс қызметі көрсетіледі.
Никита Олейник, «Шымбұлақ» курортының департамент басшысы:
- Біздің еліміз Қытай, Иран, Үндістан сынды шет елдермен келіссөздер жүргізіп, визасыз режим енгізуді жолға қойып жатыр. Соның арқасында шет елдік туристер саны жылдан-жылға артып келеді. Қазір аталған елдерден келушілер көп.
Таулы табиғат пен таза ауа қала тұрғындарының сүйікті демалысы. Мұнда көбі отбасымен келіп, керемет естеліктерді таспалауды әдетке айналдырған. Курортқа таксимен, автобус арқылы, аспалы жол немесе жаяу көтерілуге болады.
Әлішай Мұңсызбайқызы, тұрғын:
- Шымбұлаққа келген де, келмеген де арманда болып жүретінбіз. Міне бүгін арманымыз орындалып, Аллаға мың да бір шүкірлік деп тұрмыз. Осындай қазақ елімізде сайрандап, елімізде ұрпақтарымыз жүрсін деп, осы қуанышымызда шек жоқ.
Хью Хабберс, турист (Жаңа Зеландия):
- Қазақстанға алғаш рет келдім. Шымбұлаққа көтерілген кезде тұмса табиғаттың сұлулығына тәнті болдым. Таза ауа мен тау табиғаты жанға ләззат сыйлайды. Жаңа Зеландияға барған кезде достарыма айтып, осында келіп тұруға ұсыныс жасаймын.
«Шымбұлақ» Гиннестің рекордтар кітабына енгеннен кейін шет елдік турситер арасында танымал бола түскен. Әлемдегі ең биік әрі түнгі тау-шаңғы трассасы теңіз деңгейінен 3200 метр жоғары орналасқан.