Көзешілік – көне өнер
Ұлттық дәстүрді заманауи үрдістермен ұштастырып жүрген шеберлер елде аз емес.
Жезқазғандық өнерлі қыздар қыштан бұйым жасап, оны кәсіп көзіне айналдырып, табыс тауып жүр. Шәкірт те тәрбиелеп, көне өнерді жаңғыртуға атсалысып келеді.
Айгерім бала күнінен сурет салумен айналысады. Ол Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының бейнелеу өнері факультетін бітірген. Оқуын тәмамдаған соң өзі туып-өскен Жезқазған қаласына оралды. Бастапқыда өз қаржысымен флюид арт бағытында шеберлік класын өткізіп көрді. Жұмысы алға басқан соң конкурсқа қатысып, грант ұтып алды. Бүгінде жеке студиясы бар.
Айгерім Сексенбаева, кәсіпкер:
– Өзімнің сүйікті ісіммен айналысқым келді. Өйткені бұл салаға деген сұраныс күннен күнге артып келеді. Адамдардың өнерге деген қызығушылығы ояна бастағанын күнде көріп жүрміз. Шеберлік сағатымызға келген жандарға қыштан жасалатын бұйымдардың құрылысы мен бояуларды қалай араластыру керек екеніне дейін үйретеміз.
Айгерім бизнес-жоспарына көркем сурет, кескіндеме өнерімен қатар қыш бұйымдар өндірісін де қосқан. Оған бұл істе Алматыда өзімен бірге оқыған құрбысы көмектеседі.
Күнерке Оразбай, кәсіпкер:
- Кішкентай қала болса да негізгі біздің жасап жатқан дүниеміз сұранысқа ие. Адамдарға өте қызықты. Көбісі келгеннен кейін бізге міндетті түрде рақметін айтып кетеді. Алғыстарын айтып кетеді. Соның өзі негізі адамды қуантады.
Көзешілік – көнеден келе жатқан өнер. Бұрын қыш құмыралар он саусағынан өнер тамған шеберлердің қолынан ғана шықса, қазір бұл іспен әркім шұғылдана алады. Өнерлі қыздар өз шеберханаларын жаңадан ашқан кезде 50 адам жазылыпты. Біртіндеп олардың саны азая бастаған. Қазір мұнда 20 шақты шәкірт бар. Бірақ Айгерім мен Күнерке оған мойыған емес. Өйткені екеуінің қосымша табыс көзі бар. Болашақта шеберлік сағаттарымен шектелмей, арнайы курс ашқылары келеді.
Ардақ Айбарұлы, Нұржан Тәңірбергенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшахира Серкебаева