Қазақстан мен Тәжікстан композиторлары бірлесіп концерт беруді жоспарлап отыр

Бұл екі ел арасындағы мәдени байланысты арттыра түседі.

Алматыда қос тараптың шығармашылық одақтары бірігіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұдан өзге де бірқатар іс шаралар өтеді. Алғашқысы басталып та кетті.

Бүгін Тәжікстанның мәдениет күндері аясында өнер иелері Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында бас қосты. Кездесуде халық шығармалары мен қазіргі буын композиторларының туындылары орындалды. Тәжікстандық делегацияны Композиторлар одағының төрағасы Амирбек Мусоев бастап келді.

Амирбек Мусоев, Тәжікстан композиторлар одағының төрағасы:
- Біз бірігіп Тәжікстан мен Қазақстанда музыкалық фестиваль өткізсек дейміз. Музыкада тілдік шекара жоқ. Музыканы тыңдап, түсінуге болады. Сондықтан оны сезім тілі деп айта аламыз. Камералық, симфониялық музыканы, оған қоса сахналық шағармаларды, опера мен балетті кеңінен насихаттап, таныстырғымыз келеді.