Жасылкөл – Жетісудың жақұты

«Жоңғар Алатауы» мемлекеттік паркінің қызметкерлері жаңа туристік бағыт әзірлеп жатыр.

Алакөлдің шипалы суына барғандар енді Жасылкөлге де соға алады. Жетісудың жақұтына баланған көлдің айналасындағы туристік аймақты дамыту жоспары бар. 

Президент те биылғы Жолдауында еліміздің туристік әлеуетін барынша пайдалану керектігін айтқан еді.

Лепсі ауылынан Жасылкөлге дейінгі аралық 25 км. Соның 4 шақырымы қия беткейдегі жалғызаяқты жол. Сондықтан оны атпен немесе жаяу жүріп өту керек. Бір жарым сағаттық қиындықты еңсергенде ғана табиғат бар сұлулығын алдыңызға жайып салады.

Жасылкөлдің аумағы 100 гектар. Тереңдігі 90 метрге дейін жетеді. Судың түсі жыл мезгіліне байланысты өзгеріп тұрады. Көлдің басты ерекшелігі де осы. 

Раджиф Барлықов, "Жоңғар Алатауы" МҰТП қызметкері:

- Күн ысығанда, әсіресе жазда – шілдеде, тамызда ыстыққа байланысты мұздықтар ериді. Сол мұздықтар ерігенде судың түсі жап-жасыл болып тұрады. Содан Жасылкөл дейді. Ал көктемде күзде суық түскенде мұздықтар ерімейді содан су мөп-мөлдір болады.

Тұп-тұнық суда балық жоқ. Кезінде ғалымдар су маржанын жіберіп көрген екен. Бірақ одан еш нәтиже шықпапты. Мамандар оны жер астынан шығатын родонмен байланыстырады. Өзге де факторлар бар шығар деп топшылайды. Құпиясы ашылмаған көлдің тарихы да ерекше. 

300 жыл бұрын бұл аймақта қатты жер сілкінісі болған деседі. Сол кезде таудан құлаған тастар Ағынықатты өзенінің арнасын бітеп қалған. Табиғи апат салдарынан Суықжайлау мен Ақтасты тауының ортасында Жасылкөл пайда болды.

Жетісу Алатауының қойнауындағы Жасылкөл 1650 метр биіктікте орналасқан. Тұмса табиғаттың сұлулығын тамашалауға биыл мыңға жуық адам барған. Арасында еуропалықтар, америкалықтар және атажұртқа келген көрші елдің азаматтары да жүр. 

Аязбай Смағұлұлы, саяхатшы:

- Сіздерде өте әдемі жерлер көп екен. Әсіресе таудағы көл қатты ұнады. Бұрын соңды мұндай сұлулықты көрмедім. Биік тау, таза ауа, адам аяғы баспаған, бүлінбеген табиғаттың өзі жаныңды жадыратады. 

Үлкен және кіші Жасылкөлге жету қиынның қиыны. Сондықтан туристердің көбі оған баруға келісе бермейді. Осыны ескерген мамандар биыл жол жөндеу жұмыстарын қолға алды. Көлік қатынасы жақсарса келушілер саны да арта түседі. Парк басшылығы тағы екі туристік бағыт ашуды жоспарлап отыр.

Марат Қабиев, "Жоңғар Алатауы" МҰТП директоры:

- Президенттің Жолдауында туризмді дамыту туралы айтты. Туризмді дамыту десек, бізде көбінде тау туризмі. 11 маршрутымыз бар. Екі соқпағымыз бар. Оның үстіне тағы екі маршрут ашамыз ба деп комитетке жіберіп отырмыз. Ал Жасылкөлге екінші – батыс жағынан баратындай тағы бір трапа жасап жатырмыз.

Туризмді дамытудан бөлек, парк қызметкерлерінің басты мақсаты – табиғатты қорғау. Сондықтан олар сақтық шараларына көп көңіл бөледі. Жылдар бойғы жұмыс нәтижесінде мемлекет қорғауындағы аймақта жан-жануарлар саны артып келеді. Әсіресе қызыл кітапқа енген қоңыр аю мен барыстардың өсімі байқалады.