Түркияда Мұрат Әуездің 80 жылдығы аталып өтті
Мұрат Әуезовтің «Бірлік» атты жинағы түрік тілінде жарық көрді.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы штаб пәтерінде өткен келелі жиында түріктің қоғам қайраткерлері, көрнекті өкілдері мен түбі бір түркі жұртына жанашыр жандар бас қосты.
Жинақтың түрік тілінде жарық көруі бекер емес. Себебі кітапта күллі түркіге ортақ тарихи тұлғаларды өмірі мен шығармашылығы берілген. Су жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімінен кейін асылдың сынығы Мұрат Әуездің 80 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.
Түрік пен Қырғыз елінің ғалымдары Әуезовтің еңбектері туралы сөз қозғап, өмірі жайында әңгіме өрбітті.
Сұлтан Раев, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысы:
- Мұрат Әуезов те, Мұхтар Әуезов те қазақтың біртуар тұлғалары. Оның еңбектерін туыстас жұрт жақсы білуі тиіс. Әке мен ұлы да түркі идаясын дәріптеген. Оған қарсы ұстанымдармен үнемі күрескен.
Зифа-Алуа Мұратқызы, Әуез ұрпағы:
- Бүгін біздің әулетіміз үшін маңызды күн. Әкемнің 80 жылдығы Түркия астанасында тойланып жатыр. Бүгін түркі ғалымдары оның өмірі, жұмыстары мен мақалалары жайлы айтты. Мен үшін өте қызық және маңызды күн.