Атырауда «Алтын домбыра» байқауы өтіп жатыр

Атырауда VІ Халықаралық дәстүрлі күй байқауы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы шара аймақтың «Құрметті азаматы»  Әзидолла Есқалиевтың 90 жылдығына арналған. 2 күндік күй аламанына елдің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Ресейдің Астрахан облысынан, Қарақалпақстаннан және Ұлбыританиядан келген 19 өнерпаз бақ сынап жатыр. Бүгін сайыстың бірінші кезеңі аяқталды.

Дәстүрлі «Алтын домбыра» байқауына Ресейде тұратын қандастырымыз тұрақты түрде қатысып келеді. Жалпы Астрахан жері Құрманғазы күй мектебінің өркен жайған мекені десек, артық айтқандық емес. Себебі ұлы күйшінің өмірінің соңғы кезеңі осы өңірде өткен. Мәңгілік мекені де Алтынжар ауылының тұсында тұр.

Күй аламаны 2 кезеңнен тұрады. Талапкерлер кезегі анықталғаннан кейін берілген шығарманы орындайды.  Шарт бойынша қазақстандық қатысушы Құрманғазының «Төремұрат», «Балқаймақ» күйлерін білуі міндетті. Ал шетелдік өнерпаздар Құрманғазының «Балбырауын», Әзидолла Есқалиевтің «Жастар» күйін білуі шарт. Ал екінші кезеңде шетелден келгендер сол елдің шығармасын орындайды.

Әзидолла Есқалиев – Қазақстан Республикасының Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, 1957 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық орындаушылар байқауының лауреаты, Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің «Алтын медаль» иегері, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры. Өмірінің соңғы сағатына дейін күй өнеріне деген адалдықтан таймай өткен өнер иесі болатын. Бүгінгі байқаудың мақсаты осындай өрен тұлғаларды насихаттай отырып, халқымыздың күй өнеріне деген құрметін жас ұрапқтың санасына сіңіру екені белгілі. 

Сахнаға «11-ші» нөмірмен сары шашты өнерпаз шыға келгенде көрермендер таңғалғаны анық. Сабина Мастерс- Британ елінің өкілі. Атырауға күйеуінің жұмыс бабымен келген екен. Мамандығы дәрігер бірақ музыкаға, соның ішінде қазан өнеріне деген қызығушылығы керемет. Сол қызығушылық домбыра үйренуге итермеледі, - дейді шетелдік қатысушы.

Сабина Мастерс, қатысушы:

- Алғаш домбыра үнін Дина Нұпейісова атындағы оркестрдің концертінде естідім. Екі ішектен осыншама үн шыққаны таң-тамаша қалдырды. Кейін өзім домбыра сатып алып, үйренуге кірістім. Міне, бүгін алдарыңызға алғаш шығып тұрмын.

Жәнібек Аманиязов, шараны ұйымдастырушы:

- Республикадан 16 қатысушы келіп отыр. Оның ішінде арнайы Ресейден, Қарақалпақстанан, Өзбекстанан және Ұлыбриитаниядан күйшілер қатысып жатыр. Мақсаты – жалпы келешек, өсіп келе жатқан біздің жас жеткіншек күйшілерімізді ұлағаттау және ертеңгі сахнаға дайындау, қазақ мәдениетін, оның ішінде күй өнерін дамытуға өз үлесімізді қосу.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Байқау барысында байқағанымыз, бүгінгі қатысуышлардың барлығы дерлік – 30 жасқа дейінгі қылқан кескендей жастар. Демек қазақ өнеріне соның ішінде домбыраға, күйге деген жастарымыздың құлшынысы жыл санап артып келе жатыр. Тағы бір назар аударатын мәселе, «Алтын домбыра» байқауының көкжиегі жыл санап кеңейіп келе жатқандай. Мысалы, биыл 4 шетелден өнерпаз келсе, алға қарай Қалмақ қырынан, сондай-ақ Түркиядағы қандастырымыз, Ресейдің Волгаград облысының өнерпаздары қатысуға ниет етіп отыр екен.  

2 күндік күй аламаны ертең мәреге жетеді. Сайыстан соң күйшілер Ресей Федерациясы, Астрахан облысында жерленген күй атасы Құрманғазының басына барып зиярат етеді деп күтілуде.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов.