Алматылық суретші күтпеген жерден Лондондағы байқауда топ жарды
Алматылық суретші Әсемгүл Сүлейменова халықаралық қылқалам шеберлері сайысында топ жарды.
Лондонда өткен байқауға суретші «Ана мен бала» картинасын ұсынған. Өзінің отбасына тарту ретінде салған суреттің жүлде алуы мүмкін деген ой да болмапты. Бала кезінен осы өнерге әуес болып өскен Әсемгүл сүйікті ісіне 5 жылдан бері кәсіби түрде ден қойған. Жеңімпаз атанғаннан кейін халықаралық байқауларға деген қызығушылық арта түскен. Ал жеңіске жеткізген суреттің тарихы да қызық. Ол бірнеше жыл бұрын интернеттен ақ кимешек киген келіншек пен бақытты баланың суретін көрген. Жанына жақын әрі ескі фотоны қылқаламмен қағазға түсіріп, отбасына тарту еткен. Ең қызығы ғаламтордан табылған фотодағы адамдар өзінің жақындары болып шықты.
Әсемгүл Cүлейменова, суретші:
- «Ана мен бала» фотосындағы келіншекті енеме ұқсаттым. Көрсетіп едім, ол суреттегі өзі екенін және жанындағы баланың менің күйеуім екенін айтты. Бұл сурет «Жамбылдың балалық шағы» атты фильмнің түсірілімінде таспаланған екен. Онда менің енем Жамбылдың жеңгесінің рөлін ойнапты. Осылайша отбасылық фотоның көшірмесі жеңімпаз атанып отыр.