Петропавлдағы ерекше би тобы халықаралық сахналарды бағындырып жүр

Жігері жасымаған жандар.

Петропавлдағы құлағы нашар еститін балалар би тобы талайды тәнті етіп жүр. Өнер ұжымы түрлі байқауларда топ жарып, халықаралық сахналарды да бағындырды. Қазір олар үшін жаңа маусым басталды. Музыканы тыңдай алмаса да, мың бұрала билейтін ансамбльмен аймақтағы тілшіміз Айдарбек Айтмұхамбетұлы кездесіп қайтты.   

«SENSITIVE» би тобы 2006 жылы құрылды. Оның құрамында тек қана құлағында мүкісі бар балалар өнер көрсетеді. Олар бір-бірін ыммен түсінеді. Әуенді естімесе де, жүрекпен сезеді.

Айнұр Саинова, «SENSITIVE» би ансамблінің мүшесі:

- Би – бұл менің өмірім. Осында өзімді бақытты сезінемін. Арманым – ұжым болып бүкіл әлемге танылу. Біз кәсіби биші емеспіз. Бірақ жанымызды салып өнер көрсетеміз.

Бұл – еліміздегі құлағы нашар еститін балалардан құралған жалғыз би ансамблі. Олар – республикалық байқауларды айтпағанда, Италия, Испания, Біріккен Араб Әмірліктері, Болгария елдерінде өнер көрсетіп, үздік атанған өнер ұжымы.

Ольга Ростовщикова, «SENSITIVE» би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

- Ишарат тілі өте әдемі. Біздің ең алғашқы нөміріміз «Абай жаны» болды. Балалар ымдау арқылы билеп, көрерменге ұлы ақынның қара сөздерін жеткізді. Бұл да өнер.

Жаңа маусымда олар биден бөлек, пластикалық спектакльдер қоюды жоспарлап отыр. Сонымен қатар ұжым гастрольдік сапармен Еуропа елдеріне шығуға шақырту алды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов.