Петропавлда театрлар фестивалі басталды
Петропавлда Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының фестивалі басталды.
Жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға еліміздің үздік деген 10 труппасы қатысып жатыр. Олар көрерменді қандай спектакльдермен қуантпақ? Өнер додасының ашылу салтанатына аймақтағы тілшіміз Айдарбек Айтмұхамбетұлы да куә болып қайтты.
Қызыл кілем, танымал өнер адамдары. Қызылжар жұртшылығы сахна саңлақтарын ерекше құрметпен қарсы алды. Салтанатты шараға аңыз адам Асанәлі Әшімов та қатысты.
Асанәлі Әшімов, ҚР Халық артисі:
- Бұл үлкен мәселе. Халыққа әкелген сыйлық. Халықпенен кездесу, жүздесу, пікір алысу, шүйіркелесу кеші. Сондықтан әр уақытта мұндай оқиғалар тарихи тарихта қалатын оқиғалар.
Фестиваль шымылдығы Түркістан музыкалық драма театрының «Мағжан» спектаклімен ашылды. Әр ұжымның өнерін көрерменнен бөлек қазылар алқасы бағалайды. Ал олардың талабы қатаң.
Бақыт Нұрпейіс, қазылар алқасының төрағасы:
- Біріншіден, режиссерлық жаңалығы бар ма? Актерлық өнерде қандай ілгерілеу бар? Содан кейінгі ең басты мәселе – қазір театр өнерінде үлкен өзгерістер болып жатыр. Әсіресе соңғы буын – жас режиссерлар көптеген жаңалықтар әкеліп жатыр. Сол жаңалықтар бүгінгі театр өнерінде қалай көрініс тауып жатыр? Біз сол жағына көбірек мән беретін боламыз.
Шоқтығы биік фестиваль Қызылжар өңірінде соңғы рет 2002 жылы өткен. Содан бері көз жазып қалған көрермен шөліркеп қалғандай. Залда ине шаншар орын болмады. Мұндай күнде бола бермес. Мәдени шараға еліміздің үздік деген труппалары қатысып жатыр.
Күміс Сейітова ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі комитетінің төрағасы:
- Фестивальге барам дегенге бәріне қолдау көрсетіле бермейді. Ол алдын ала спектакльдерін жюри алқасы қарастырады. Нәтижесінде 10 театр іріктеп алдынды. Сол 10 театр сіздерге осы бір жұма бойы өз өнерін көрсетеді.
Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған, Жезқазған драма театрлары солтүстікте бір апта бойы өнер көрсетеді. Жергілікті көрермен «Қорғансыздың күні», «№37», «Бақ», «Ұждан», «Шақан шері» секілді тағы басқа спектакльдерді тамашалай алады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов