Қазақстандық балет шеберлері Женевада өнер көрсетті

Еліміздің атақты балет шеберлері Женевада тамаша өнер көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан мен «Астана Опера» театрының балеринасы Анастасия Заклинская  швейцариялық көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Жанат Эрнст, тілші:

- Еліміздің «Астана Балет» әртістері бүгінгі кеште швейцариялықтарды тәнті етті. Әлемге танымал Бақтияр Адамжан мен Анастасия Заклинская Женевада Республика күні қарсаныңда концерт берді.

«Астана Балет» әртістері «Кармен сюитасы» спектаклінен тамаша қойылым ұсынды. Бақтияр Адамжан француз хореографы Ролан Петидің «Бозбала және өлім» атты балетінде өнер көрсетті. Бұған дейін ол Австралия, Кипр, Италия мен Корея көрермендерінің көзайымына айналған болатын.

Бақтияр Адамжан, ҚР Еңбек сінірген қайраткері, балет әртісі:

- Осылай енді айналып, айналып келіп бүгін Женевада өзіміздің Республика күніне тұспа тұсіп келгеніне қуаныштымын. Мен әрқашанда, қай жақта болмасам да өзіміздің қазақ елін, қазақ балетін, өзіміздің керемет театрымызды, Астана қаласын жақсы жағынан көрсетуге тырысамын, біздің өнердің үлкен деңгейде екенің дәлелдеп келеміз әрқашанда.

Ерлан Әлімбаев, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі:

- Бұл Қазақстанның тек халықаралық ұйымдардың сахнасында емес, өнер сахнасында да өзін көрсете алады деген айғағы деп есептеймін. Өйткені бүгін өздеріңіз тамашалаған Астана Балеттің «Кармен сюитасы» Женеваның жұртшылығына, осы жалпы халықаралық Женеваға қатты ұнап, солардың көңілінен шығып жатыр.

Осы бағдарламаны таңдаған ұйымдастырушылар әуелден «Қазақ әртістері – балет өнерінің хас шебері» деп таңдай қаққан.

Владимир Ипполитов, концерт ұйымдастырушы:

- Осы бағдарламаны жасауға шешім қабылдаған бетте, бірден ойыма Бақтияр келді, өйткені ол – бұл партияны билеген және ол бүкіл әлемге әйгілі әртіс. Анастасия Заклинская үшін премьера болды, бірақ ол тамаша ойнап шықты. «Астана Балет» әртістерінің барлық жағынан деңгейі жоғары. Киімдері, хореографиясы – бәрі керемет. Оларды Женеваға шақыру біз үшін үлкен мәртебе, себебі мұндай спектакльдер бізде жоқ.

- Ғажайыпқа толы шоу болды! Әртістерге әбден риза болдым!

- Ерекше өнерге куә болдық! Оркестр де музыканы шебер жеткізе білді!

- Хореографиясы керемет, орындаушылардың кәсіби шеберлігі өте жоғары. Женевада осындай балетті көргенімізге қуаныштымыз! Құтты болсын!

Қазақ әртістерінің өнері мен кәсібилігі Женевада жоғары бағаланды. Швейцариялықтар оларға көшеметін аяған жоқ. Жақын арада еліміздің балет шеберлері Милан мен Дубай сахналарында өтетін қойылымдарға қатысады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.