Мәдениет, өнер, әдебиет және журналистика саласының арнайы сыйлықтары табысталды
Астанада 20-дан астам қазақстандық азамат мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайту мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен тағайындалған арнайы сыйлықтарға ие болды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева салтанатты марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, қатысушыларды келе жатқан Республика күнімен құттықтады.
Халқымыз үшін маңызы зор ұлттық мереке қарсаңында біз мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтуға үлес қосқан қазақстандықтардың еңбегін мақтанышпен атап өткіміз келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында тиісті тапсырма берген болатын. Осыған орай, «Мәдениет және өнер саласындағы үздік жұмыстары үшін» және «әдебиет пен журналистика саласындағы үздік жұмыстары үшін» деп аталатын сыйлықтар тағайындалды. Бүгін тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет біз осы сыйлықтарды мемлекет бірлігін нығайту жолында қажырлы еңбек етіп жүрген белсенді азаматтарға табыстап отырмыз, - деді Аида Балаева.
Бұл бірегей сыйлық төрт негізгі саланы – мәдениет, өнер, әдебиет және журналистиканы қамтиды.
Айта кетейік, байқауға 14 номинация бойынша 70-тен астам авторлық жұмыстар мен жобалар, оның ішінде 10-ы мәдениет және өнер саласында, 31-і әдебиет саласында, 30-ы журналистика саласы бойынша келіп түсті.
Мемлекет басшысының бастамасымен тағайындалған және екі жылда бір рет берілетін бұл сыйлық журналистер, жазушылар мен өнер адамдары үшін ең құрметті және беделді сыйлықтардың бірі болады деп сенемін. Бұл Қазақстанда этносаралық келісімді қамтамасыз етудің жаңа әрі тиімді құралы, өйткені бұл сыйлық сала азаматтарына тың серпін беріп, этносаралық саланың дамуын жаңа деңгейге көтереді. Зиялы қауым мен медиа қоғамдастық өкілдерінің ел игілігі жолында одан әрі жемісті жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Президент бірде өз сөзінде, бейбітшілік пен келісім – біздің қоғамдық және еңбек қызметіміздің ажырамас бөлігі болуға тиіс екенін атап өтті. Бұл маңызды идея конкурстың қазіргі және болашақ қатысушылары үшін – үлкен миссия болады деп үміттенеміз, - деп қорытындылады министр сыйлықтарды табыстай отырып.
«Үздік кітапхана жобасы» номинациясы бойынша Нұрия Баймұратова Брайль жүйесі бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Қазақ халық ертегілері» жобасымен жеңімпаз атанды.
«Үздік фильм» (кино өнері) номинациясында Сәбит Құрманбеков өзінің «Композитор» деп аталатын толықметражды көркем фильмімен сыйлыққа ие болды.
Динара Мыңжасарқызының «Soile айдары бойынша мақала-сұхбаттар топтамасы» интернет-жобасы да арнайы сыйлыққа ие болды.
Барлығы 21 жұмыс пен жоба авторына сыйлықтар табысталды.