Мәскеулік көрермен назарына Ш.Құдайбердіұлы туралы спектакль ұсынылды
Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры Мәскеу көрермендеріне Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына орай қойылған спектакльді ұсынды.
Ойшылдың «Ұждан» әңгімесінің желісі бойынша сахналанған әфсана «Подмосковные вечера» атты халықаралық театральды фестивальдің аясында көрсетілді.
Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры Мәскеу көрермендеріне театр сыншыларының жоғары бағасына ие болған қойылым ұсынды. ФЭСТ театрында сахналанған спектакль қазақ тілінде қойылды.
Арман Темірбек, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының басшысы:
- Қазіргі заманға лайық өте актуалды тақырып. Қазақстанда да үлкен қалаларды аралап гастрольдік сапармен шықтық. Үлкен фестивальдерге қатысып, осы үш аптаның ішінде үш фестивальге қатысып, үлкен жүлделерге ие болған қойылымның бірі және бірегейі деп айтсақ болады. Мәскеудің Мытищи қаласындағы көрермендердің көңілінен шығады деген үмітіміз бар.
Эксперименттік-философиялық қойылымда ар-ұяттан айырылған қоғамның хайуан күн кешіп, азып-тозып бара жатқан күйі көрсетіледі.
Бауыржан Манатбекұлы, актёр:
- Ұждансыз өмір, арсыз, ұятсыз қоғам пайда болғандағы адам адам кейпінде қала алады ма? Сол мәселелер көтерілген. Қазақ халқының басынан өткен небір қиын тұстары да бейнелген. Ол ашаршылық жылдары, қазақ зиялыларының жазықсыз жалаға жабылуы.
Қазақ театрының қойылымына жиналған қауымның қарасы қалың болды. Спектакль талғампаз көрерменнің көңілінен шықты.
БЛИЦ:
- Жас әрі талантты әртістердің ойыны керемет!
- Қойылым бірқилы, кейбір тұстарын бірден түсіне алмайсың. Ойлануға тура келеді.
- Спектакльдің мән-мағынасы өте терең. Көзге жас алып, толқып отырдық.
Сыншылар да туындыға жоғары баға беріп отыр. Спектакль адамгершілік қасиеттерді терең зерттеп, ұлттық тұрғыдан ар-ұят, ұждан жайлы ой толғайды дейді олар.
Дана Нұржан, Шахзод Гамиров