Павлодарда «Бремен музыканттары» мюзиклының премьерасы өтті
Павлодардағы Иса Байзақов атындағы облыстық филармония «Бремен музыканттары» мюзиклын сахналады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өнерпаздар әлемге танымал ертегі желісі бойынша жазылған туындының қойылымына бірнеше ай бойы дайындалды. Алғашқы қойылымға келген халықтың қарасы қалың болды.
Бұл – сахна сыртындағы қарбаластың бір көрінісі. Әртістер қызу дайындық үстінде болса, музыканттар аспаптарын сайлап жатыр.
«Бремен музыканттары» – бірнеше шығармашылық ұжымның бірлескен жобасы. Мюзиклды сахналауға Чехов атындағы облыстық театрдың әртістері де атсалысты. Осылайша қос өнер ошағының ортақ жұмысы көрермен назарына ұсынылды.
Ділдар Қабдрашитова, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртісі:
- Қыркүйек айынан бастап дайындалдық. Өзіміз нотамен жұмыс істедік, сөздермен. Әркімге әр түрлі рөлді әнмен шығаруға. Себебі театрдың балалары осы рөлді ойнаса, біз тек қана әнді сол рөлмен дайындадық.
Мюзикл – павлодарлық көрермен үшін таңсық дүние. Бұл жанрда сахналанған қойылымдар некен-саяқ. Өнерпаздар оны дайындау үшін 2 ай бойы еңбек еткен.
Юлия Захарчук, «Бремен музыканттары» мюзиклының қоюшы режиссері:
- Мюзикл жаңадан дамып келе жатыр. Мүмкіндік туған соң дайындыққа ойланбастан кірісіп кеттік. Әртістер ойыны, музыка, би, вокалды бір туындыға біріктіру – біз үшін зор тәжірибе әрі қызықты жұмыс. Бұл музыкалық ертегі болғандықтан, соңымыздан ерген кішкентай әртістерімізді де шақырдық. Олар рөлдердің сомдауға жақсы дайындалды.
Бұл филармония сахнасында қойылған алғашқы мюзикл емес. Өткен өнер маусымында әйгілі «Мэри Поппинс» туындысы сахналанды.
Премьера барысында кәрі мен жасқа таныс әндер шырқалды. Көрермендер қатарында қатарында балалар, жастар мен аға буын өкілдері көп болды.
Гауһар Қапезова, қала тұрғыны:
- Мен қазақ концерттерін жақсы көремін. Қазақтың әртістерін концерттерін өте жақсы көремін. Оған жиі барып тұрамын. Келіп тұрамыз ара-тұра. Бірінші рет келіп тұрмыз бұған, музыка.
Светлана Федулова, қала тұрғыны:
- «Бремен музыканттары» – сүйікті мультфильмдерімнің бірі. Мюзиклге келіп, балалық шағымызды еске түсіріп жатырмыз. Оған қоса премьераға қатысқан әртістердің ішінде қызым да ойнайды.
Мюзиклды өңірдің мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға айналдыру – әртістердің басты мақсаты. Премьераға келген жұртшылық та бұл пікірмен келісіп, өнерпаздарға шығармашылық табыс тілеп тарқасты.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков.