Шымкентте «Nomad ақ пен қара» графикалық сурет көрмесі ашылды

Жұртшылыққа Батухан Байменнің 100-ге жуық таңдамалы өнер туындысы таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Линогравюра тәсілінде жасалған картиналар арқылы түркі халықтарының мәдениеті мен көшпенділердің тарихын тануға болады. Композициялық еңбектер Абай Құнанбайұлы, Шыңғыс Айтматов, Әлішер Науаидің шығармаларына сүйеніп, 10 жыл бойы жинақталған.

Батухан Баймен бірегей туындылардың қалай жасалатынын көрсетті. Бұған дейін суретшінің жеке көрмесі ел аумағынан бөлек, Германия, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Кипрде өткен. Ал туған өлкесінде араға 8 жыл салып таныстырылып отыр. 

Өмірбек Жұбаниязов, ҚР Суретшілер одағының басқарма төрағасы:

- Орта ғасырдан бергі әдіспен келе жатқан графика саласы ғой. Бірақ ол кісі өзінің осындай маноменталды 6 метрлік шығармалар жасап отырғаны ерекше. Сосын бұрынғыдан үйреншікті қағазға басу болса тәсілі, қазір матаға басып, өзі ойлап шығарып отыр басатын станокты.

Батухан Баймен, суретші:

- Бұрынғы біздің өткен әдет-ғұрпымызға, санамызға, мәдениетімізге сүйене отырып, жаңа заманауи жастарға жаңа деңгейде көрсету болып тұр. Баспа графика деген қиын болғаннан кейін қазір ешқандай жастар айналыспай кетті. Соны бұрынғы камерный болса, әлемдік деңгейге көтеру болып тұр.