Қазақстандық жас өнерпаз «Әлем трофейін» жеңіп алды

Баянда ойнайтын қазақстандық өнерпаз Францияда өткен ірі байқауда бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

11 жастағы Радмир Хайбуллин халықаралық сайысқа қашықтан қатысып, оқ бойы озық шықты.

Салмағы 8 келі тартатын аспабымен Гавриловтың «Жүрдек пойызы» шығармасын құйқылжыта ойнап отырған бұл балақай – Радмир Хайбуллин. 11 жастағы жеткіншек жуырда Францияда өткен «Әлем трофейі» байқауында бас жүлдені жеңіп алған.

Радмир Хайбуллин, «Әлем трофейі» халықаралық байқауының жеңімпазы:

- Байқау Францияда өтті. Біз оған бейнежазба жібердік. Мен 3 туындыны ойнадым. Біріншісі – Йоган Себастьян Бахтың «Кіші фуга де мажоры», екіншісі – Александр Уткиннің өңдеуіндегі Марк Фрадкиннің «Махаббат әні» және Юрий Гавриловтың «Жүрдек пойызы».

Дүниежүзілік баяншылар мен аккордеоншылар конфедерациясы байқауды  1951 жылдан бері ұйымдастырып келе жатыр. Радмир бұл сайысқа қашықтан қатысу оңайға түспегенін айтады.

Радмир Хайбуллин, «Әлем трофейі» халықаралық байқауының жеңімпазы:

- Жазылу қиын. Өйткені бір рет ойнаған соң, қайта қарасаң, бір жері дұрыс шықпай қалған сияқты көрінеді. Содан бәрін қайтадан жазып алғың келеді. Осылай жазылуға көп уақыт кетті.

Ұстазы Руслан Тұраев осыдан 6 жыл бұрын Семейде қызмет етіп жүргенде балақайды қабылдап алған еді. Кейін қызмет бабымен Астанаға ауысқан соң, Радмирдің ата-анасы баланың болашағы үшін бас шаһарға көшуге шешім қабылдады. Бүгінде жас дарын тәлімгері сабақ беретін Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы музыкалық мектепте оқып жатыр.

Радмир Хайбуллин, «Әлем трофейі» халықаралық байқауының жеңімпазы:

- Менің атам бірнеше музыка аспабында ойнайтын. Бірақ көбіне сырнай тартқанды жақсы көретін. Сол себепті ата-анам мені сырнай класына жаздырмақ болды. Бірақ Семейдегі музыкалық мектепте сырнай класы болмады. Сосын Руслан Александрұлы мен үшін әдейі сырнай сабағын алып, өзі меңгеріп, кейін мені үйрете бастады. Ал Астанаға көшкен соң баянға ауыстым.

Руслан Тұраев, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы:

- Әлемнің көптеген елі баянды халықтық аспап ретінде таниды. Бірақ ол да классикалық аспап саналады. Бахтың шығармалары, Моцарттың сонаталары – бәрін де баянға салып орындауға болады. Өкінішке қарай, біз қанша қаласақ та, баян мектебіне көп бала түспейді. Бірақ бізде мықты баян мектебі бар. Енді Радмир сынды балаларға қарап, жеткіншектеріміздің қызығушылығы оянады деген үміттеміз.

Қазір Радмир ұстазымен бірге «Астана Мерей» республикалық өнер сайысына дайындалып жатыр. Ал желтоқсанда Барнаулда өтетін халықаралық байқауда тағы да Қазақстанның намысын қорғайды. 

Авторлары: Бақыт Топтаева, Мұрат Әріпханов.