ТҮРКСОЙ ұйымы Т. Жүргеновтің 125 жылдығын атап өтті
Биыл қазақ зиялы қауымының көрнекті өкілі Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл.
Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен елде мемлекет қайраткерінің мерейтойы аталып өтті. Мерейтойлық шаралар шет елдерде де жалғасын тапқан.
Темірбек Жүргеновтың есімі тек қазаққа емес, тұтас түркі жұртына мәлім. Сондықтан ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шешімімен 2023 жыл түркі әлемінде «Жүргенов жылы» болып жарияланды. Соның негізінде тау тұлғаның есімін ұлықтайтын шаралар ұйымдастырылды.
Санжар Мүләзімоғлы, ТҮРКСОЙ ұйымының басқарма басшысы:
- Темірбек Жүргенов – өнер адамы. Осындай қайраткерлердің өмірін бауырлас елдер арасында насихаттау – ТҮРКСОЙ ұйымының басты мақсаттарының бірі.
Тау тұлғаның ел үшін атқарған еңбегі, кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы өлшеусіз. Сондықтан Алаш арыстарының бірі Темірбек Жүргеновке құрмет көрсету – бізге міндет, -дейді Қазақстанның ТҮРКСОЙ ұйымындағы өкілі.
Бақытжан Омар, Қазақстанның ТҮРКСОЙ ұйымындағы өкілі:
- Мемлекет басшымыз Алаш ардақтыларын қайта қарау жөніндегі тапсырмасына сәйкес мұрағаттан біраз құжаттар қайта шығарылып, Темірбек Жүргенов туралы бұрын-соңды жарияланбаған деректер жинақталған кітап жарық көреді. Оны ТҮРКСОЙ ұйымы қолдап, шығарып жатыр.
Қаламы қарымды сыншының мерейтойына арналған шаралар легі мұнымен шектелмейді. Желтоқсанда Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» кітабы түрік тілінде жарық көрмек.