Ақмола облысында сал-серілер мұрасы тиісті деңгейде зерттелмейді

Жергілікті зиялы қауым өкілдері осыған алаңдайды.

Бірнеше жыл бұрын ақылдастар алқасы құрылып, 300-ге тарта әннің тарихы мен мәтінін тапқан. Бірақ әлі күнге дейін оны жарыққа шығара алмай отыр. Оның себебі неде? 

Сәрсенбай Хасенов – дәстүрлі әнші, әрі композитор. Бірнеше жылдан бері ауыл-ауылды аралап, әншілердің өмірбаяны мен шығармашылығын зерттеп жүрі.  Осы уақытқа дейін 30-ға жуық әннің тарихын тауып, ұлы тұлғалардың ұрпақтарымен тілдескен.   

Сәрсенбай Хасенов, әнші:

- Балқадищаның ұрпақтары бар екен Көкшетауда. Зеренді ауданы Кеңөткел ауылында тұрады. Бірінші соған барып көрдім. Үкілі Ыбырайдың немересі тұрады Көкшетауда. Сол кісі тұрады деген соң сол кісіге бардым. Барсам рас ұлдан туған қызы. Немересі ғой. Біржан салдың шөбересі, Балуан Шолақтың немересі тұрады. 

Ендігі кезекте әнші осы жинаған бар мұрасын кітапқа басып шығаруға ниетті. Ал төл туындысын еліміздің әр қиырында насихаттауды көздеп отыр. 

Сәрсенбай Хасенов, әнші:

- Мен өзім жинақ шыққаннан кейін бірнеше облысты өз қаражатыма аралап, осының ашылуын жазсам деген жоспарым бар. Өйткені қазір біреуді күтіп, мені қолдап, демей ме деп жүрсем уақыт өтіп кетеді. Ал осы бабалардың мұрасын өзіміз насихаттамасақ, Ақан сері, Ыбырайларды өзіміз насихаттамасақ ешкім ауызымызға әкеліп салып бермейді. 

Десе де, әлі де зерттеуді қажет ететін ән мен әнші жетерлік. Бірақ олардың құнды мұрасын жаңғыртуда кедергілер бар. Бірінші кезекте  қаржы керек.   

Мерген Тоқсанбай ақын, облыстық мәдениет басқармасының сарапшысы:

- Не ішкі саясатта, не мәдениет басқармасыда ақша бөле алмайды. Неге? Олар өз тараптарынан ақша бөле алмайды, олар конкурсқа салады. Ал конкурстан міндетті түрде бағаны түсіріп, жарты бағасына болсын онтүстік жақтын адамдары ұтып алады. Олар біздің жақты түсінбейді. Олар арзан бағаға береді, ондай қаржыға дұрыс дүние шықпайды. 

Осылайша, жергілікті зиялы қауым өкілдері біріккен ақылдастар алқасы 3 жылдан бері 300 әнді жарыққа шығара алмай отыр. Оның ішінде Біржан салдан бергі ақын, сазгерлердің әні топтастырылған. Ал тың туындылардың қашан ел құлағына жетерін ешкімде дөп басып айта алмайды.

Абзал Балтабаев, Виктор Полянный