Оксфордта Рахат-Би Әбдісағынның фортепиано концерті өтті
Британиядағы Оксфордта Рахат-Би Әбдісағынның фортепиано концерті болды.
Композитор әрі пианист Вулфсон колледжінде әлемдік классиктердің шығармаларымен қатар өзінің жеке туындысын да орындады.
Рахат-Би қаршадайынан күй сандықтың құлағында ойнайды. Ол жиырмаға жетпей жатып, жер жүзін мойындатқан композитор әрі пианист. Әлем халқы өнерпаздың жеке концертін көруге ынтызар. Бүгін ондай мүмкіндік Оксфорд жұртшылығына бұйырды. Музыкант өрелі өнерімен көпшілікті тәнті етіп, әсерлі әуездің құдіретін мойындатты.
Рахат-Би Әбдісағын, композитор-пианист:
- Ұлы классикалық шығармашаларды орындап бердім. Бұл менің Вулфсон колледжі Оксфорд университеті қауымдастығына берген ризашылығымның белгісі. Бір үлкен жоспарым Қазақстан Республикасын әлемге өз өнерім және ғылым арқылы таныту.
Рахат-Би Оксфорд университеті Вулфсон колледжінің арнайы шақырумен келген. Мұнда ол кванттық физика мен замануи музыканың байналысын зерттеп жүр. Жақында ғана Британ ғалымдары Рахат-Бидің ғылыми еңбегімен танысып, пікірталасқа салған. 100-ге жуық мүйізі қарағайдай профессор оның ізденістеріне жоғары баға беріп отыр.
Тим Хитченс, Wolfson колледжінің президенті:
- Әріптестік нәтижесінде көкжиегімізді кеңейттік. Меніңше, біз оның музыкадағы зор тәжірибесінен көп нәрсе үйрендік. Енді кванттық физика саласындағы зерттеулерімізді музыкалық тұрғыдан зерделей аламыз.
Концертті Оксфорд университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы және студенттер тамашалады. Көрермендер Бах, Бетховен, Шопен және басқа да классиктердің шығармаларын ұйып тыңдады. Рахат-Би өзінің төл туындысын да орындады. Cегіз жұрттың тілінде еркін сөйлейтін өнерпаз әр нөмірдің алдында шығармаларға түсініктеме беріп отырды.
Эндрю Бриггс, Оксфорд университетінің профессоры:
- Бүгінгі кеш керемет өтті. Зияткерліктің, эмоцияның және рухани тереңдіктің ерекше үйлесімі музыка арқылы жеткізілді. Ғасыр композиторларының шығармаларын Рахат-Би ғажап орындады.
Джулиан Барбур, тәуелсіз зерттеуші:
- Маған музыканттың әр нәрсеге тарих тұрғысында қарайтыны ұнайды. Мен динамиканың тарихы туралы кітап жаздым. Сондықтан ортақ тақырыптарымыз өте көп. Рахат-Бимен танысқаныма қуаныштымын. Кім біледі? Бір күні Қазақстанға да барып қалармыз.
Рахат-Би Әбдісағын келер жылдың көктеміне қарай Шотландияның 4 ірі шіркеуінде өзі жазған операсының тұсаукесерін өткізбекші. Шығарма Сент Эндрюс университеті және Корольдік консерваторияның қолдауымен дүниеге келген және Англия мен Шотландияның орта ғасырларлық тарихы туралы сыр шертеді.
Ғалымжан Қараманұлы