Ташкентте қазақстандық әншілер өнер көрсетті
Түркістан сарайында ұйымдастырылған кешке отандық қана емес, шетелдік тыңдармандарға танымал Мархаба Сәби, Еңлік, Мәди және Мұса Мұрат сынды өнерпаздар ән салып, ағайынды Ғаламат пен Нұрәлі Бейсеқожа ұлттық нақыштағы шығармаларын орындады.
Кешке елдің түкпір-түкпірінен қандастарымыз жиналды. Күмбірлете күй төгіліп, әуелете ән шырқалған концерт «Отандастар» қоры және Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен өтті. Заманауи музыка әлеміне терең бойлай алған көрермен алғысын айтып, игі дәстүрдің жалғасын табуын тіледі.
Айта кетейік, өнерпаздарымыз Ташкентке күні бұрын жетіп, Низами университетіндегі жастармен де кездескен еді. Оның ішінде, әншілік жолға түскісі келетін студенттермен пікір алмасып, музыка саласына қатысты сұрақтарға жауап берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай басқосу сыртта жүрген қандастарды рухани тұрғыда қолдап қана қоймай, олардың кәсіби бағдар алуына септігін тигізеді.
Yenlik, әнші:
- Негізі бұған дейін Қазақстанда жүрген кезде Ташкентке қашан келесіздер деп жазған болатын. Осындай өнер жастарын қандастарымызға көрсету маңызды деп ойлаймын. Себебі біз өзіміздің кім екенімізді ұмытпай, білуіміз керек. Сонда біз өмірде орнымызды оңай табамыз деп ойлаймын.
Назакат Боранбаева, Бұхара облысы қазақ мәдени орталығының жетекшісі:
- Шет жерлерде, шөл зонасында жүрген қазақтардың шөлін қандырып отыр. Бұдан бұрын телевидения, газета-журнал арқылы өте қызығып, көреміз, іздейміз. Мына бүгін домбыраның үнін естіп, көңіліміз толып, көтеріліп, Өзбекстандағы неше мыңдаған қазақ ырза болып отыр.