«Мұстафа Шоқай феномені» кітабы неміс тілінде жарық көрді
Германия астанасында Мұстафа Шоқай туралы кітаптың тұсаукесері өтті.
Қазақтың танымал қоғам және саяси қайраткері жайлы туынды неміс тілінде жарық көрді. Игі іс Берлиндегі неміс-қазақ қоғамы мен қазақ диаспорасының қолдауымен жүзеге асты.
"Мұстафа Шоқай феномені" кітабында қоғам қайраткерінің өмірі мен саяси ғұмыры жайлы баяндалады. Туынды тарихшы Бақыт Садықов пен Мұстафа Шоқайдың жұбайының естеліктеріне сүйене отырып жазылған.
Бәкір Әбдіжәлел, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті "Шоқайтану" орталығының ғылыми басшысы:
- Мұстафа Шоқайға қатысты кітаптың неміс тілінде шығуы және оның өмірбаянын көрсету және оның Францияда болып көп жылдар осы тақырыпқа еңбек еткен Бақыт Садықовтың еңбегінің кіруі Мұстафаның жары теңдессіз еңбек еткен біздің анамыз Мрия Шоқайдың "Менің Мұстафам" деген кітабының неміс тілінде шығып отыруы біз үшін үлкен қуаныш. Мұстфа Шоқайдың рухы, биіктігі әлемге танымалдығы бүгін тағы да айқындалды. Көп әңгіме қозғалды. Меніңше Мұстафа Шоқайды танудың жаңа дәуірі басталған сияқты.
Кітапта көптеген жаңа мұрағаттық материалдар қолданылған. Туындының неміс тілінде жарық көруі жергілікті оқырмандарға Шоқайды жақын тануына мүмкіндік беріп отыр.
Бригитта Брауэр, журналист:
- Мұндай кітаптарды аудару өте маңызды. Өйткені біз Германияда қазақтың танымал тұлғаларын аз білеміз. Олардың ішінде өмірлік жолы елімізбен байланысты болған Мұстафа Шоқай да бар. Осы себепті бұл шығарма біз үшін өте құнды.
Салтанат Сексембаева, Мұстафа Шоқай музейінің басшысы:
- Біз бүгін әлемге әйгілі саяси қайраткер Мұстафа Шоқай туралы баяндап бердік. Ол Отанымыз үшін аянбай еңбек еткен қайраткер. Сондықтан осындай халықаралық деңгейде шара өткізу өте орынды. Келешекте осы бағыттағы ынтымақтастығымызды жалғастырмақ ойдамыз.
Келер жылы Түркияда Мұстафа Шоқайға арналған көрме өткізу жоспарланып отыр. Көпшілік назарына қазақтың біртуар ұлы жайлы мұрағаттарда сақталған бірегей қолжазбалар мен жәдігерлер ұсынылады.
Дәурен Ақашұлы, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский