Қазақ оркестрі Италия төрінде өнер көрсетті
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы Италияға гастрольдік сапармен барып, Генуя, Рива дель Гарда, Милан қалаларында ауқымды концерт өткізді.
Өнерпаздар ұлттық әуендерімізді шырқап, Италия жұртшылығын тәнті енті.
Әуезді кеш ұлттық әуендерімізден басталып, Ференц Лист, Рахманинов симфонияларына ұласты. Бұл көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Сондай-ақ, оркестрмен бірге атақты италиялық пианист Габриэль Каркано да өнер көрсетті.
Блиц:
- Алған әсерім керемет. Әдемі әуезді ән құлақтың құрышын қандырады. Қазақстаннан осындай оркестр келеді деп естігенде қатты қуандық. Себебі, менің жұбайым Қазақстаннан.
- Қазақ ән-күйінің өзіндік сарыны бар. Оның классикалық әуендермен үйлесуі тіптен керемет. Ерекше гармония, ерекше үйлесім деп айтар едім.
«Көрермен алдында қандай да бір туындыны орындау бір бөлек те, сол арқылы өз еліңнің, өз ұлтыңның бар болмысын көрсету бір бөлек. Бұл асқан шеберлікті қажет етеді. Бұл ретте орындаушылар өз өнерлерін мінсіз көрсетті»,- дейді филармония директоры.
Ақан Әбдуәлиев, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының директоры:
- Бүгін Италияға келдік. Ертең енді Алматыға қайтадан қайтамыз ғой... Алматыға барған кезде, олар осыған дейін концерттерде ойнағанын, олар екі есе жоғары деңгейде орындайды. Себебі мынау шет елге келу деген оларды шыңдайды, біріншіден, оларға шабыт береді. Екіншіден, олардың тәжірибесі, күндегі өтіп жүрген тәжірибесі одан ары өсе түседі. Алматыда олар келетін көрермендерін біледі. Алматы - өзіміздің халық. Ал мына жақта - басқа сын, басқа көзқарас. Сондықтан олар бүкіл жан дүниесін осы концертке салды.
40 жылға жуық тарихы бар оркестр Италиядағы өнер маусымының ашылуына мұрындық болды. Бір аптаға созылған гастрольдік сапар барысында олар италиялық көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Тіпті үлкен сахналарда өнер көрсетуге түрлі шақыртулар да алып үлгерді.
Авторлары: Фариза Жанғанаева, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан