Қазақ балетінің аңызы Болат Аюханов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды
Алматыда қазақ балетінің аңызына айналған белгілі хореограф, Халық әртісі Болат Аюханов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
Ол бар ғұмырын қазақ мәдениетін соның ішінде балет өнерін дамытуға арнады. Ол кезінде "Алматының жас балеті" хореографиялық миниатюралар ансамблін құрды. Өмірінің соңына дейін сол ұжымда жұмыс істеді. Талантты хореограф, әрі балетмейстер әлемдік сахналарда қазақстандық композиторлардың музыкасына 30-дан астам спектакль қойды. 60-жасқа дейін «Болеро» балетінің солисі болды. "Қазақ сувенирі", "Батырлар", "Қыз Жібек", "Гамлет", "Кармен-сюита", "Шыңғысхан" сияқты қойылымдарға қатысты. Тағы бірнеше кинофильмге түсті. Болат Аюхановтың есімі балет өнеріндегі ерекше құбылыс ретінде танылды.
Гүлфида Гафурова, мемлекеттік академиялық би театрының бас балетмейстері:
- Ол кісінің ұйымдастырушылық қабілеті ерекше еді. Бәрінің ыңғайын таба білетін. Өз ісінің білгірі, керемет кәсіби маман болды. Ең бастысы, ол баршамызды өз мамандығымызды сүюді, осы кәсіпке адал болуға үйретті. Абыройлы өмір сүруге баулыды. Өз ортамызда Болат Ғазизұлынан тәлім алған бізді «Аюхановшылар» деп атайды. Біз оны мақтан тұтамыз.