Қазақ әуені АҚШ-та шырқалды
Тәуелсіздік күні қарсаңында АҚШ-та қазақтың әні әуелеп, күйі күмбірледі.
Вашингтонда ұйымдастырылған әуезді кешке келушілердің қарасы қалың болды.
Биыл Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі ел тәуелсіздігі мерекесін мәдени шаралармен бастап кетті. Қазақтың қасиетті қара домбырасы, Қорқыттың қобызы, сырға толы сыбызғысы мен дауылпазы көрерменнің көңілін баурап, тыңдарманның жүрегін тебірентті. АҚШ жұртымен қоса, атамекеннен алыста жүрген отандастарымыз бен қазақ балаларын да бұл кеш ұмытылмас әсерге бөледі. Қазақи шаралардан қалмайтын Наурыз да анасымен бірге осы кештен табылды.
Наурыз Лестер Челмэн, көрермен:
- Мен 2010-шы жылы Астанада туғанмын, ата-анам мені асырап алып, 2011-2012 жылдары Америкға алып келді. Содан бері осында тұрамын.
Дженни Лестер, көрермен:
- Ол өте музыкалды, музыканың барлық түрлерін өте жақсы көреді. Әсіресе инструменталды музыканы.
АҚШ-тағы тарихи орындардың ұлттық тізіміне енген Лиснер аудиториум концерттік залында өткен сазды кеште Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисті Расул Жармағамбетов, Италияның әйгілі Арриго Бойто атындағы мемлекеттік консерваториясының аспиранты Әйгерім Алтынбек, танымал солист Дина Мирманованың шеберлігін шетелдік тыңдармандар жоғары бағалады.
Дилан Джудан, көрермен:
- Мен бірінші рет қазақтың мәдени мұрасымен, мағынасы терең, мазмұны бай музыкасымен танысып тұрмын. Керемет әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Алдағы уақытта қазақ музыкасының тұрақты тыңдарманы боламын.
Осылайша қазақ халқының рухани жан серігіне айналған музыкалық төл аспаптарымыз жер шарының екінші жартысына жаңғырып, АҚШ аспанын әнмен әуеледі. «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы «Айттым сәлем Қаламқас», «Аққу», «Қилы заман», «Ортеке», «Қара жорға», «Көроғлы» сынды ұлттық туындыларға тәнті болған көпшілік, АҚШ-та алдағы уақытта ақылы түрде болса да қазақтың ән мен күйі тұрақты шырқалса деген ұсыныстарын жеткізді.
Авторы: Айжан Сыдықова