«Джулия» елордаға келді. Бұл - Өнер!
Бродвей стиліндегі тұңғыш мюзикл Астана опера театрында екі апта бойы сахналанады.
Туынды өткен ғасырдың 90 жылдардың бейнесін көз алдыңа әкеледі. Отандық музыка мәдениетіне тыңнан түрен салған ұжым осылайша мюзикл әртістерінің жаңа буынын тәрбиелеуді мақсат тұтып отыр.
«Джулия» мюзиклі - отандық музыка мәдениетіне түрен салған туынды. «Қазақстанда бродвей стилін сахналаған ұжым неке-саяқ», - дейді ұйымдастырушылар. Қойылым көзі қарақты көрерменді 90-шы жылдарға сапар шектіреді. Соның ішінде қазақ ән өнерінің аңызы Батырхан Шүкенов өнер көрсеткен «А-Студио» тобының дүниеге келуі баяндалады.
Мюзиклда аты аңызға айналған ұжымның 20-ға жуық шығармасы орындалады. Дәл қазір әртістер соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр.
Май тоңғысыз түн. Алматы. Өмір мен өнерге шексіз ғашық жастың жан тебіренісі - бұл мюзиклдің арқауы. Әрине, мәңгілік тақырып - махаббат хикаясына да мюзикл желісінде кезек беріледі.
Рүстем Нұржігіт, басты рөлді сомдаушы:
- Басты кейіпкердің аты Тимур. Тимур Алмазов деген жігітті ойнаймын. 45 жасар кезіндегі өзінің уақытынсында қадірін білмеген махаббатын жіберіп қойған. Кейіпкерімнің досы қайтадан топ құрайық деп айтады. Сенің шетелге кетіп қалған махаббатыныңды қайтарайық деген.
Ал бұл киім ауыстыратын жер. Екі жарым сағатқа созылатын қойылымға әртістер 100-ге жуық костюм киіп шығады. Оны мынадай 35 қорапқа салып, арнайы Алматыдан әкелген. Ол аз десеңіз, кәдімгі көлік қойылым барысында сахна ортасымен жүріп өтеді.
35 жылдық тарихы бар ұжымның әртістерін сомдау көп жасқа арман. Үміткерлер мюзикл авторы Байғали Серкебаевтың қатаң сынынан өтуі керек болды. Тек еліміз ғана емес, шет мемлекеттердегі 3 мыңнан аса өнер иесінің өтініші қаралған.
Байғали Серкебаев, жоба авторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- Қысқа уақыт ішінде қойылымды дайындап шығу керек болды. Ал келген өтініштер өте көп. Кастинг өте күрделі жұмыс. Тіпті талантты адамды байқамай қалуың мүмкін, ал сенген адамың дайындықта сені ұятқа қалдыруы мүмкін. Бұл жолы қателескен жоқпын деп ойлаймын. Осы мюзиклға алынған әр жаспен жеке-жеке жұмыс істеп, қабілетін шыңдадық.
Мюзикль жанры Қазақстанда кенжелеп қалған. «Оны дамытуға күш салу керек», - дейді автор. 50-ден аса музыкант пен әртіс қатысқан Америка стиліндегі тұңғыш қойылымды Астана жұртшылығы жылы қабылдады. «Аязды күні жанды жылытқан кеш болды», - дейді олар.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Ерлан Наурзыбаев
Сұлу сырдан ару астанаға тарту
Сыр елі - жыр елі деп бекер айтылмаса керек. Тарих куә, жыраулық өнердің алыптары Сырда туған. Олардың бүгінгі ұрпақтары да қара жаяу емес.
Жезтаңдай жыршы-термешілердің керуені елорда төрін дүбірге бөледі. Бейбітшілік және келісім сарайында ине шанжар жер болмады. Қызылордалық өнер иелері ел жадында көмескі тарта бастаған жақұт жырларды орындады.
Қара домбыраның шанағынан төгілген ән мен күйге елітпеген жан жоқ. Бұл күні астаналықтар тұңғыш рет екі оркестрдің айтысын тамашалады. Концертте классикалық музыкаға да кезек берілді. Көмейіне бұлбұл ұялаған әншілер 5 тілде ән шырқады. Дәстүр, классика мен эстрада тоғысқан кеш өнерпаздарына көрермендер тік тұрып қошемет көрсетті.
Қазақстандық қылқалам шеберлерінің көрмесі
Оңтүстік Кореяда Қазақстанның заманауи өнерінің көрмесі өтіп жатыр. Солтүстік Чолла халқы 13 отандасымыздың көз майын тауыса жазған картинасын тамашалады. Жалпы, Чонджудағы өнер мұражайында 8 жыл ішінде небәрі 5 халықаралық көрме өткен. Көбіне Қытай мен Индонезия суретшілерінің туындылары қойылатын. Қазақстан алғаш рет қатысып отыр. Көрме келер жылдың наурызына дейін жалғасады. Оның аясында қазақстандық қылқалам шеберлерінің 50-ден аса картинасы ел назарына ұсынылады.
Ким Мин Ён, көрме жетекшісі:
- Бұл көрме Қазақстан мен Солтүстік Чолла провинциясы арасындағы мәдени байланыс аясында өтіп жатыр. Суретшілер қоғамдағы өзгерістерді қағаз бетіне түсіреді. Көрме жарқын болашақты елестетуге мүмкіндік береді.
Ким Ю Ри, Чонджу тұрғыны:
- Мен Қазақстан жайлы көп естідім, бірақ болған емеспін. Осындай көрмелер арқылы елді тануға болады. Маған әрбір шығарма ұнады және Қазақстан туралы әлі де көбірек білгім келеді.
«Көшпелілер әуені» этнофестивалі
Елордада «Көшпелілер әуені» этнофестивалі өтіп жатыр. Дәстүрлі музыка мерекесіне Қырғызстан, Саха, Түркия, Өзбекстаннан өнер иелері арнайы ат терлетіп келген. Олар үш күн бойы Қазақконцерт қабырғасында фольклорлық әуендерді шырқап, көшпелі халықтың бай мұрасымен таныстырады. Жобаның мақсаты, «Түркі халықтарының бірлігі мен руханиятын насихаттау», - дейді ұйымдастырушылар. Іс-шара концерттік бағдарламамен шектелмеді. Фестиваль аясында Саха елінен келген, хомусшы - Айсен Деллоховтың шеберлік сабағы өтеді.
Айсен Деллохов, хумусшы:
- Менің шеберлік сағатым хумусты аспабын үйренуді енді бастаған жандарға арналған. Хумус - бұл якут халқының ұлттық аспабы. Қазақшасы - шаңқобыз деп аталынады. Бұл аспаб жер шарының түкпір-түкпірінде кездеседі. Якут бағыты өзгелерден табиғатпен тығыз байланысымен ерекшеленеді. Біздің ұлттық бағытта аңдар мен құстар дауысы жиі кезігеді. Сонымен қатар, хумусты ұстау тәсілі мен дем дұрыс алу әдісін айтпақпын.