Тарихшылар тау тұлға Темірбек Жүргеновтің ұлтқа сіңген еңбегі туралы ой бөлісті
Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тау тұлға Темірбек Жүргеновтың туғанына 125 жыл.
Осыған орай 2023 жыл түркі әлемінде Жүргенов жылы деп аталды. Бүгін Алматы облысы, Жаңалық ауылында тарихшылар мен әдебиетшілер бас қосып, Қазақстанның мәдени ағарту саласында төңкеріс жасаған күрескер тұлғаның өмір жолы, ұлтқа сіңірген еңбегі туралы ой бөлісті.
Темірбек Жүргеновтың есімін ұлықтаған халықаралық шараның Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде» өтуі тегін емес. Дәл осы жерде зобалаңға ұшыраған талай тұлға оққа ұшып, ажал құшты. Тарихшылар мен әдебиетшілер әуелі қыршын кеткен қайраткерлерді еске алып, ескерткішке гүл қойды.
Темірбек Жүргеновтың есімін тек Алматыдағы өнер акдемиясымен байланыстыратындар аз емес. Әсіресе жас ұрпақ оның қайраткерлігін біле бермейді.
Хангелді Әбжанов, тарихшы, профессор:
- Темкең бір емес, екі емес үш одақтас республиканың наркомы болды. Қазіргі тілмен айтқанда министрі болды. Тәжікстанда қаржы министрі, Өзбекстан мен Қазақстанда оқу ағарту министрі болды. Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театырының ғимаратын салғызған сол Темкең.
Бұл Темірбек Жүргеновтың ұлтқа сіңірген орасан еңбегінің бір парасы ғана, дейді ғалымдар. 1937 жылы болған Мәскеудегі қазақ мәдениетінің онкүндігі тікелей Темірбек Жүргеновтың бастамасымен жүзеге асты.
Данияр Әлиев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:
- Сол кездегі Дина, Жамбыл Жабаевтың, Байсейітова, Шара Жиенқұлованың шыққаны осы уақытта. Қазақтың мәдениетіне үлкен серпіліс әкелді. Бірақ сол серпіліс, сол қуаныш ұзаққа созылмай, бір жылдың көлемінде осы саяси қуғын-сүргін репрессиясының құрбаны болып кете барды.
Халықаралық шараға келген қырғыз елінің тарихшы ғалымдары, қазақ-қырғыз ағартушылары жайлы жаңа кітапты таныстырды. Кітапта екі елге ортақ тұлғалар жайлы тарихи деректер топтастырылған.
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев