Астанада «Хас шебер» фестивалі өтіп жатыр
2 күндік мәдени іс-шара Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қолөнершілердің басын қосты.
Іс-шара кезінде қолөнершілердің туы тігіліп, қазақстандық КИнЭС рекордтар кітабына енгізілді. Ал шаһар жұрты ұлттық бұйымдардың көрме-жәрмеңкесін тамашалауға мүмкіндік алды.
Көздің жауын алатын тоқыма, түрлі-түсті тұскиіз, этникалық киімнің небір үлгісі. Жастар сарайында өтіп жатқан жәрмеңкеде қазақ қолөнершілерінің ең үздік бұйымдары ұсынылған. Батыс Қазақстаннан келген Ақерке әжей де ең көрнекті өнімдерін тіземін деп сөреге сыйдыра алмай әлек. Өзі осындай фестивальге тұңғыш қатысып отыр. Ақ киізге басылған әр өрнектің тарихын айтып бөлісуге асық.
Ақерке Самғалиева, қолөнерші:
- Мен бұны 1898 жылғы әжем маған үйретті. Сол уақытта әжем 65 жасында, мен 5 жасымда енді өмірге келген бала едім, маған қазақи ою түрлерін, сүрелерін үйретті әжем. Сол әжемнің ары-қарата өнерін дамытқаны үшін қатты қуандым көрмеге шақырғанда. Сол өнерді ары қарай жалғастырғым келеді. Мектептерге шақырса, қолөнерді барып үйретемін.
Тараздық Қарлығаш Әбуқадірова да киізден басылған гобелендерін мейлінше жайып көрсеткісі келеді. Бірақ бөлінген үстелдің тарлығы қанжылтып отыр. Десе де көркемөнер пәнінің мұғалімі арна арқылы туындысын елге көрсетемін деп қуанып қалды.
Қарлығаш Әбдуқадірова, қолөнерші:
- Мына картинамыздың атауы – «Ұлы дала толғауы». Мына жерде біздердің сақтардың кезінен дамыған мәдениетіміз, тастағы таңбалардан бастап, киіз үйде мекендеген көшпелі халық ретінде мекендеп, осы Тәуелсіздік алғаннан кейін мынандай дәрежеге дейін жеткеніміз осы жердегі ғимараттар арқылы осы біздің Қазақстанымыздың болашақта да бәйтеректей биіктеп, өркендей беретіндігі, өркендей берсін деген ниетпен жасағым келді. Бір алты айда істедім. Ойланып, толғанып. Эскизім бар, бас-аяғы бір-екі жылға ұласып кетті.
«Хас шебер» фестивалінің мақсаты – ұлттық қолөнермен қатар төл мәдениетімізді насихаттау. Бұны қатысушылардың киім киісінен-ақ аңғару қиын емес. Моншақ таққан қыздар, қажыкей киген келіншектер мен ақ жаулықты әжелер көрменің көркін одан әрі аша түскендей.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Руслан Әлиев.