Көне газеттеріміз кітап түрінде шықты
Мерзімді баспасөздің әліппесі болған «Қазақ», «Сарыарқа» газеті мен «Айқап» журналы енді оқырманға қолжетімді.
Ғалымдарымыз көне басылымдарды жинақтап, араб қарпінен кириллицаға түсірді. Себебі қазір араб қарпін түсінетін оқырман тұрмақ, ғалым жоқ деуге болады. Оған қоса ақтаңдақ жылдары жарық көрген газет-журналдардың көптеген саны сақталмаған. Зерттеушілеріміз олқылықтың орнын толтырып, сүбелі дүние жазып шықты. Нақтырақ айтсақ, 1913-1918 жылдары жарық көрген «Қазақ» газеті 7 том болды. «Айқап» журналының 88 саны 2 том болып басылды. Ал 1917-1919 жылдары шыққан «Сарыарқа» газетінің кейбір сандары шетелдің мұрағатынан табылды. Жалпы «Шерлі шежіре» бағдарламасы аясында 30 том дайындалған. Олар үш жыл ішінде толықтырылып, оқырманға жетіп отыр.
Ғарифолла Әнес, филология ғылымының докторы:
- Мұраны тапқаннан кейін оны халыққа жеткізу бар. Оны мамандарға жеткізу бар, халыққа жеткізу бар. Оны жаңағы транскрипция дейді, транслитерация дейді. Енді жан-жағы ғылым ретінде қарауға болады. Біз сол екеуінің ортасын ұстауға тырыстық. Оны енді әріп-әріп күйінде сөзді өзгертпей қолданып, жаңағыдай жеткізу бар да. Енді ол ғылым үшін пайдалы. Сол кезде бір сөз қалай айтылды, қалай қолданылды деген сияқты оның формасын сақтау, айтылуын сақтау, жазылуын сақтап жеткізу бар.