Қазақтың кілемі қандай болған?
Ауғанстандағы ағайын өз қолдарымен тоқыған дүниелерін осында әкелді.
Жай ғана дүниелер емес, сонау Пазырық обаларынан табылған алғашқы кілемдердің қайта жасалған нұсқасы.
Ия, ауған қазақтары Астанада «Уақыт құшағы» деп аталатын көрмеге келген. Көпкөрім дүние көп.
Кілем – қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрлі үй мүлкі. Ал кілем тоқу ісі – ұлтымыздың сәндік-қолданбалы өнерінің ең көрнектісі. Осындай ата кәсіпті шетте жүрген қандас бауырларымыз да өзіне мирас қылып, үлкен индустрияға айналдырып отыр. Мәселен, көрмеге экспозиция әкелген ауған қазағы Нәсіп Найман бұл істі әкесінен үйренгенін айтады.
Нәсіп Найман, кілем тоқитын компания директоры:
- Әкеміздің кішкентай кілем тоқу цехы болды. Осы кәсіпті сонда үйреніп өстік. Бірақ осы қазақ кілемі деген атпенен 1993 жылы Ауғанстаннан Пәкістанға көшіп барған жылы ғана бастадық. Негізгі ойымыз сол ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі, осы тоқу үлгілерін әлемге таныту.
Көрмеге қойылған кілемдер көздің жауын алады. «Алайда бұл жауһарларды халыққа таныстырудағы мақсат – тек әсемдігін көрсетумен шектелмейді», - дейді мәдениеттанушы ғалым.
Серік Ерғали, мәдениеттанушы:
- Енді бұл тек мына кілемдерді халыққа таныстыру ғана емес, сонымен бірге тарихын, технологиясын таныстырып отыр. Сонау бірнеше мың жыл бұрынғы кілемнің тоқылу кезеңінен басап, эволюциясын әкеліп отыр. Бұндай бізде болған емес.
«Жүнді жуудан бастап, соңғы жұмысына дейін таза қол еңбегімен жасалған бұл істің басты артықшылығы – кезінде аталарымыздан мирас боп қалған кілем тоқу технологиясы барынша сақталған», - дейді бауырларымыз. Ең қызығы, бұл кілемдерде, тіпті, өзімізде ұмыт болған ою-өрнектер нақышталған.
Серік Ерғали, мәдениеттанушы:
- Қазақтың кілемі дегенде бұлар тарихын зерттеген өздері және өзге түркі халықтардан мына өрнегінің мәні сол. Мұнда негізінен геометриялық фигуралар және біздің таңбалар, тылсым бір таңбалармен өрнектелген.
Осыдан 2,5-3 мың жыл бұрын жасалған кілемдерді қайта қалпына келтіріп, ұлтымызға тән ерекше нақыштарды жаңғыртуға мүмкіндік берген бұл кәсіптің мәдени үлесі зор деуге болады. Көрменің ашылуы 27 желтоқсан күні Ұлттық музейде өтпек.
Авторы: Мөлдір Молдағали