"Патша көңілім не дейсің?"
Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының әртістері осындай қойылым ұсынды.
Жаңа спекталь көрермендерді несімен баурады? Қарашаңырақты үлкен де, кіші де кие тұтқан, бақ-берекенің ұйытқысы деп қараған. Алайда заман солай. Жақсы өмір іздеп әке-шеше, туған үйін тәрк еткендер болады.
Қарашаңырақ – қазақ үшін қастерлі ұғым. Алайда сол киеден кейінгі ұрпақ жеріп бара жатқандай.
Спектакль көзі қарақты көрерменді бір сәт осы жайлы ойлануға шақырады.
Оқиға қалаға көшіп кеткен перзентін зарыға күткен ата-ананың халін суреттейді. Жазушы Қуаныш Жиенбайдың қаламынан шыққан туындыны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов сахналады.
Нұрлан Жұманиязов, қоюшы режиссер:
- Әке – балаға сағынышы. Олар қалаға кетті ауыл мен қаланың арасындағы, алшақтық, шалдар қозғалғысы келмейді. Балалар өз тірлігімен қалаға кеткен. Әрқашан отбасылық, ыстық жылылық дүниелер өзінің арасын суытпасын деген қадамда бір үлкен әрекетке барады.
Жаңа спектакльде екі құрамда елге белгілі театр және кино актерлері өнер көрсетеді. Атап айтсақ, Ақыш Омар, Лейло Бекназар, Боранбай Молдабаев,Асылбек Қапаев және өзге де тума таланттар. Олардың кәсіби шеберлігіне тәнті болған кей көрермен көзіне жас алды. Себебі жанр жағынан бұл комедия болғанымен, уытты әзіл көптің іштегі шер-шеменін қозғайды.
Туған үй, ата-ана, перзент пен бауыр. Адамдар арасындағы қарым-қатынастың бағасын биіктеткен бұл қойылым бір жарым сағатқа созылды.
Жалпы, өнер ұжымы биылғы жылды толағай табыспен қорытындылағалы отыр. Театр қоржыны 6 жаңа қойылыммен толыққан. Ал "Патша көңілім не дейсің?" атты бұл комедия жылдың соңғы премьерасы. Сондықтан жауапкершілігі де салмақты дейді олар.
Түркі әлемі кино режиссерлерінің қауымдастығы құрылды
Түркітілдес елдер енді кино саласындағы ынтымақтастықты дамыта түспек.
Ташкентте Түркі әлемі кино режиссерлерінің қауымдастығы құрылды. Тиісті құжатты Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттердің кинофильм және мәдениет саласына жауапты министрлік өкілдері мен мекеме басшылары мақұлдады.
Жиынға елімізден «Қазақфильм» президенті Азамат Сатыбалды қатысты. Мақсат – түркі әлемінің бірлігі мен ынтымағын нығайта түсетін бірлескен туындыларды қолдау, түркі елдерінің кино өнеркәсібіне қажет тетіктерді жасау және кино өнерін байыту.
Тақауда, қауымдастық басшысы тағайындалмақ. Тараптар қысқа мерзімде тарихи деректі фильмдерді, ал ұзақ мерзімде бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.
“Ұлы дала алтыны” көрмесі ашылды
Анкарада жақында ашылған «Ұлы дала алтыны» атты көрмені қазірге дейін он мыңнан астам адам тамашалап үлгерген.
Көрмеге сақ өркениетінің тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылған. Көне жәдігерлер арқылы ата-бабаларымыздың тау-кен өнеркәсібі, металлургия, ауыл шаруашылығы салаларын терең меңгергендігін көруге болады.
Қазба жұмыстары кезінде табылған алтын бұйымдарға қарап, зергердің асқан шеберлігін, көшпенділердің ерте заманда-ақ темірден түйін түйгенін аңғарамыз.
Юсуф Кырач, Анадолы өркениеттер мұражайының директоры:
- «Ұлы дала алтыны» көрмесіне келушілер өте көп. Тәулігіне шамамен мыңға жуық жергілікті және шетелдік турист келіп жүр. Әсіресе, еліміздің бірқатар өңіріндегі орта мектептердің тарих пәні мұғалімдері оқушыларына дәрісті осы жерде практикалық түрде көрсетуге зор мүмкіндік алды.
Дарен Хокфутио, индонезиялық турист:
- Индонезиядан сапарлап келдік. Анкарада осындай көрме ашылғанын естіп, арнайы ат басын бұрдық. Бұл көне тарих пен мәдениетті көру үшін жасалған үлкен мүмкіндік екен. Азияда осындай қолөнер түрлерінің ерте замандарда дамығаны таңқалдырады. Ұйымдастырушыларға рақмет.
Әлемдік музыка жауһарлары әуеледі
Елордада әлемдік музыка жауһарлары әуеледі. "Астана Опера" сахнасында өткен концерт музыка сүлейлері Вивальди мен Пьяцолланың шығармашылығына арналды.
Барокко және танго дәуірі өкілдерінің қай шығармасы да тыңдаушысын елітпей қоймайды. Жылдың төрт мезгілін суреттейтін бірегей еңбектерін көпшілік ұйып тыңдады.
Ал камеркалық және симфониялық оркестірдің қойылымына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бағдат Әбілханов пен Айдар Әбжаханов жетекшілік етті. Бұл – өнер ұжымының қала тұрғындары мен қонақтарына Жаңа жылға жасаған тартуы.