Мемлекеттік театрларда екі жүзге жуық қойылым сахналанды
Аймақтарда 22 мәдениет нысаны бой көтеріп, мемлекеттік театрларда 200-ге жуық жаңа қойылым сахналанды.
Ал киноматографияда мемлекеттік қолдаумен 18 фильмнің өндірісі аяқталып, көрермен назарына ұсынылды. Бұл былтырғы жылдағы жетістік.
Сондай-ақ «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы қайта беріліп, ел дамуына еңбегі сіңген қаламгерлер марапатталды.
Мәдениет – идеологияның басты құралы. Сондықтан, руханиятты дамытуды бірінші межеге қоюдан ұтылмаймыз, дейді сала өкілдері. Соңғы уақытта өнердің өркендеп, әдебиеттің дамуына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. «Айбоз», «Ұмай» ұлттық сыйлықтарының тағайындалуы шығармашылық ынтаны оятып, жаңа туындылардың жазылуына ықпал етті.
Әлия Бөпежанова, сыншы, мәдени сарапшы:
- Өткен жыл жалпы еліміз үшін экономикамыз, әлеумет, соның ішінде мәдениет үшін де жақсы жыл болды ғой деп ойлаймын өз басым. Өйткені мәдениетке байланысты көптеген игі шаралар жүзеге асырылды. Соның ішінде ең алдымен атап айтарым, еліміздің Парламентінде Мәдениет туралы заңның жетілдіру мәселелері қарастырылып жатыр. Енді мәдениет аласындағы жақсылықтар, өзгерістер көбі сол заңға байланысты болатындықтан бұл бір жақсы нышан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында белсенді азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызын атап өткен болатын. Нақты міндеттер де айқындалды. Бұл ретте «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы пысықталып, қабылданды. Қазіргі таңда елімізде 23 мыңнан астам Үкіметтік емес ұйым тіркеліп, оның ішінде 18 мыңы белсенді жұмыс істейді.
Гүлбара Сұлтанова, ҚР МАМ Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Бізде азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы бар. Ол 30-жылға дейін жоспарланған. Өздеріңіз білесіздер көп нәрсе өзгеріп жатыр. Үкіметтік емес ұйымдардың ұсынысымен біз биыл сол тұжырымдамаға өзгеріс жасаймыз. ҮЕҰ азаматтық қоғам институттары өкілдерімен біріге отырып жасаймыз. Қоғамдық талқылауға шығарамыз.
Елімізде креативті индустрияны дамыту туралы заң жобасы әзірленуде. Мәдениет және ақпарат министрлігі шығармашылық салаларды қолдау мен дамытудың пакетін дайындап жатыр. Экономиканың бір секторы ретінде айқындалған бағытты жете түсінбей жатқандар да бар. Сол үшін өңірлерде креативті хабтар құру жұмысы қолға алынды. Түрлі семинарлар өткізіліп, зияткерлік жұмыстардың нәтижесін қаржы көзіне айналдыру жолға қойылады.
Гүлісхан Нахпаева, ҚР МАМ креативті индустриялар департаментінің директоры:
- Талантты қазақтың біздің елімізден шыққан талантты креативті индустрия саласының өкілдері көп деп айтсақ болады. Оларды ары қарай насихаттау керекпіз. Оларды қолдау керекпіз. Бұл орайда корпоративті қорын құрғымыз келіп жатыр. Корпоративті қордың ең басты мақсаты осы таланттарды іздеу жұмысымен және оларды оқыту және де олардың өздерінің идеаларын іске асыру бойынша жұмыстарға негізделген болады.
Театрға баратын көрерменнің де қатары көбейіп келеді. Былтыр 2 миллионға жуық адам мәдениет ордасынан рухани азық алған. Отандық авторлардың 24 кітабы таныстырылып, оқырманға жол тартты.
Әлия Бөпежанова, сыншы, мәдени сарапшы:
- Руханият мешел болса, ол қоғам жақсылыққа бармайтынын өзіміз көрдік. Сондықтан, қазіргі мемлекеттік саясатта руханият, мәдениет халықтың тарихы жалпы рухани саланың алғашқы кезекке шығуы өте өзінің жақсы нәтижелерін беріп жатыр.
2023 жылы Телерадио хабарларын тарату саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жетті. Қазақстан халқының 93 процентінен астамы цифрлық эфирлік хабар таратумен қамтамасыз етілді. «24kz» телеарнасын жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Телеарналарды шетелде таратуды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Қазірдің өзінде "24 кз" арнасы Қырғызстан, Әзербайжан, Моңғолия, Грузия, Германия, Өзбекстан және Түркіменстан аумағында қолжетімді.
Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов