«Құлагер» әдеби байқауы жарияланды
Бүгін «Құлагер» әдеби байқауы жарияланды, деп хабарлайды 24KZ.
Республикалық сайыс поэзия, проза, балаларға арналған шығарма, комикс, драма, деректі проза, фантастикалық немесе мифологиялық шығарма аталымдары бойынша өтеді. Оған кез келген қаламгер қатыса алады. Бірақ бұрын-соңды жарияланбаған еңбектерін ғана ұсынуы тиіс. Өтінім 22 маусымға дейін қабылданады. Әр номинацияның бас жүлдесі – 2 миллион теңге.
«Құлагер» әдеби жарысы қыркүйекте өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына орай ұйымдастырылған. Сондықтан да ақын-жазушылар шығармаларын ұлттық спорт тақырыбында жазуы тиіс. Елімізде алғаш рет өтетін көшпенділер ойынына 100-ге жуық елден 5 мыңнан аса спортшы қатысып, 15 мың турист келеді деген болжам бар.
Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
- Ұлттық ойындарымыздың ерекшелігі, ұлттық ойындарымызға қатысты адамдардың мінез-құлқы, ұлттық ойындарымыздың жалпы қазақ деген халықты қалай басқа халыққа танытатындығы жөнінде керемет жақсы шығармалар жазылады ғой деп ойлаймын. Сондықтан биылғы жыл біздің рух жылымыз, ұлттық құндылықтарымыздың жылы деп есептеуге әбден болады.
Исламбек Салжанов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті:
- Біріншіден, әрине, елімізде ұлттық спортты насихаттау, дамыту. Сонымен қатар Қазақстандағы қаламгерлерді, әдебиетшілерді қолдау. Соңғы жылдары, баршаңыз білесіздер, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен Ұлттық спорт қауымдастығы қарқынды дамып келе жатыр.