«Хабар» арнасындағы «Асыл домбыра» жобасының жеңімпаздары марапатталды

«Хабар» арнасынан көрерменге жол тартқан «Асыл домбыра» жобасының жеңімпаздары марапатталды.

Дала өнерінің телевизияға лайықталған бағдарламасының нүктесі Оралда қойылды. Айтыстың қара нары Жүрсін Ерман, «Асылтас» қоғамдық қорының құрылтайшысы Дулат Тастекей, «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев батыстың айтыс өрендерін ұлықтап, жүлделерін табыстауға теріскейге арнайы аттанған еді. 

«Атамекен» өнер орталығында ине шаншар жер жоқ. Айтыс сүйер қауым түгелдей Оралдағы ең үлкен мәдениет ордасына жиналған. 

Талғат Мықи, «Атамекен» өнер орталығы ақпарат және жарнама бөлімінің жетекшісі:

- Бүгін негізгі шара «Мұхиттың мұрагерлері» атты батыс дәстүрлі ән мектебінің концерті. Бұнда атақты Қатимолла Бердіғали ағамыз бастаған осы саланың белді өкілдері бүгін сахнада өнер көрсетеді, елге баба сөзін тірілтіп, дала сазын жаңғыртайын деп жатыр. 

Мәдени кештің соңында «Асыл домбыра» ұлттық жобасының жеңімпаздары марапатталды. 

Телевизиялық өнер жобасына еліміздің түкпір-түкпірінен 60 суырып салма ақын қатысқан. Әр өңір атынан үш айтыскерден құралған топ сөз сайысында бақ сынады. Батыс Қазақстан облысының намысын Жансая Мусина, Бауыржан Шермеденұлы мен Мұрадым Мирланов қорғады. «Хабар» арнасының көрерменін көгілдір экран алдына жиған сазды сайыста кіл мықты бәсекеге түскенін айта кеткен жөн. 

Жансая Мусина, айтыскер ақын:

- Бұл жеңіс бізге қазір оңай көрінгенімен сол процесс барысында оңай болған жоқ. Бар күш-жігерімізді сарп еттік. Елімізге үлкен қуаныш сыйлағымыз келді. Енді қуаныш бүгін жүзеге асып, Жайық өңіріне айтыстың қара нары Жүкең өзі бастап,  «Хабар» басшылығы түгел келді. Ақсүйек өнерімізді насихаттай береміз деп ойлаймын. 

Мұрадым Мирланов, айтыскер акын:

- Бұл жерде командалық айтыс жасау деген бір жағынан, жеңілдігі бар. Бір жағынан, ауырлығы бар. Себебі тек ғана өзіңнің емес, командаластарыңның да жауапкершілікте  тұрғанын түсінесің. Хабар арнасында «Асылтас» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Асыл домбыра» телевизиялық жобасы ол айтыстың Қазақстанның чемпионаты деп есептеймін. Сондай баға берем. 

Асыл таспен көмкерілген домбыра «Атамекен» орталығының көрме залында орналастырылады. Өнер ордасына жиылатын қалың жұрт осылайша жерлес айтыскерлердің жеңісін әспеттей алады. 

Бақыт Топтаева, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов