Қызылорда облысындағы ескерткіштерге виртуалды саяхат жасауға болады
Қызылорда облысындағы 150 тарихи және мәдени ескерткішке виртуалды саяхат жасауға болады, деп хабарлайды 24KZ.
Ол үшін Сыр өңіріндегі құнды мұралардың «3D» интерактивті картасы әзірленді. Аталған веб-ресурстар қорына озық технологиялар арқылы 33 мың фото, 40 мың аэрофото мен бейнетүсірілім енді. Жоба аясында қола дәуірінен бүгінге дейінгі 60-тан астам археологиялық, 90-ға жуық сәулет ескерткіші қамтылған. Биыл тағы 30 ескерткіштің осындай виртуалды көрінісін әзірлеу жоспарланып отыр.
Жалпы өңірде 550-ден астам ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған. Басты мақсат – далалық, жолсыз жерлерде орналасқан тарихи-мәдени мұра нысандарымен кез келген азаматтың еркін танысуына мүмкіндік ашу, - дейді мамандар.
Ерғазы Алданазаров, тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеме директоры:
- Мысалы, Шірік Рабат, Жанкент қалашығына баратын болса, Қазалы ауданында, Шірік Рабат болса Қармақшы ауданында. Оның баруының өзі 300-ден аса километр Қармақшының өзінен, далалық жерде орналасқан. Мақсаты да сол біздің жасап жатқан жобаның да: соны жақындату, таныстыру тарихымен.