Елде «Әншуақ» балалар ән байқауы жарияланды

Бүгін – Ұлттық басылым күнімен қатар қазақ әдебиетінің абызы Мұхтар Мағауиннің туған күні.

Классик 84 жасқа толып отыр. Оның «Бір атаның балалары», «Көк мұнар», «Қияндағы қыстау» сынды әңгімелері мен «Аласапыран», «Шақан шері» романдарын көпшілік оқып өсті. Жазушы болу – азапты һәм ләзатты іс. Бір ғана «Шыңғыс хан» атты тарихи хикаясын жазуға Мұхтар Мағауин аттай 7 жылын арнаған. Қазіргі таңда абыз ата жұрттан жырақта, дегенмен қазақ руханиятын байытуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Ұлтқа қызмет ету үшін уақыт та, кеңістік те, тіпті қашықтық та кедергі емес екенін дәлелдеген бірігей адам. Ол кісі жайында сағаттап айтуға болатын шығар.

«Жастар» театрында жаңа премьера

«Жастар» театрында жаңа премьера. Бұл жолы елордалық ұжым көрерменге «Жан пида» спектаклін ұсынды. Қойылымда 3 бірдей қаламгердің шығармашылығы көрініс табады. Ол – Шыңғыс Айтматов, Оралхан Бөкей және Роза Мұқанова. Ал қоюшы режиссері – еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, театр майталманы Нұрқанат Жақыпбай. Автор табиғат пен адам арасындағы берік байналысты терең философия тұрғысынан түсіндіруге тырысқан.

Айта кетейік, бұл – өнер ұжымына жеңіс сыйлаған шоқтығы биік туынды. Былтыр Қырғызстанда өткен «Айтматов және Театр» атты 6-шы халықаралық байқауда қойылым бас жүлдеге лайық деп танылды. Құрылғанына 16 жылдан асқан театрдың бұл – өнер аламанындағы осымен 16-шы жеңісі.

Нұрқанат Жақыпбай, қоюшы режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

- Бұл өзі біздің театрға өте керек, елімізге өте керек спектакль деп есептеймін. Оны бір күнде шығарғанымыз жоқ, бірнеше жыл дайындалған дүние. Кез келген шығармасында Айтматовтың өзінің өмірінің, өзінің азаматтық қағидасы кез келген шығармасында тұр. Айтматовтың ұлы бір айтқан сөзі бар. Мәңгі менің қағидам болып қалған. «Адамға ең қиыны – күн сайын адам болып қалу» деген.

 

Г. Климттың картинасы сатылымға қойылды 

Австрияда әйгілі суретші Густав Климттың картинасы сатылымға қойылды. 50 миллион еуроға бағаланып отырған туынды 100 жыл бойы жоғалып кетті деп саналған. Автор оны 1917 жылы арнайы тапсырыспен салған. Бірақ көп ұзамай Климттың картинасы жұмбақ жағдайда жоғалады. Ресми дерек бойынша көпшілік назарына ол соңғы рет 1925 жылы ұсынылған.

 

Сыр сақтаған сандықтар

Түркістандағы «Ұлы дала елі орталығында» ерекше көрме өтіп жатыр. Ол жерге қазақтың ұлттық бұйымы – сандықтың 10 түрі қойылған. Олардың сыны ғана емес, сыры да бөлек. Айталық, Семейден арнайы жеткізілген асадал сандығының 120 жылдық тарихы бар. Тұрмыстық жәдігерлер көлемі мен қолдану мақсатына қарай жіктелген. Әрқайсының өзіне сай атауы бар. Төл жиһазды көпшілік назарына ұсына отырып, ұлттық құндылықтарды насихаттау – мақсатымыз, - дейді ұйымдастырушылар.

Зәуре Тәжібаева, ұйымдастырушы:

- Кебеже сандықта ыдыс-аяқтар сақталады. Одан кейін шай сандық. Кішкентай, ықшам. Жағлан сандығы, бұл сандықтан әшекей бұйымдар сақталады. Төсек сандықтар. Бұл сандықта үстіне көрпе-төсектар жиналып, ішінде маталар, киімдер, жағалы киімдер сақталады.

 

Қазақ қаламгерлерінің қатары толықты

Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің қатары толығып келеді. Таяуда әдебиет саласының 3 өкілі республикалық Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. Қазақ-өзбек әдебиетінің көрнекті зерттеушісі Қалдыбек Сейданов «Көңілдегі көрікті ойлар» кітабын жарыққа шығарса, ақын Мұқан Рахманұлы «Жүрегім жыр толғайды» атты жинағын ұсынды. Бұл жайлы көрші елдегі қазақ әдебиеті кеңесінің кезекті отырысында мәлім болды.

Былтыр Өзбекстанда жарық көрген қазақ әдеби туындылары рухани болмысы һәм маңызы жағынан ерекшеленді. Баспадан шыққан бойда оқырманның жоғары бағасын алғаны көп. Кейбірі тіпті жалпы республикалық жыр жинақтарына енген.

Анаргүл Қалдыбекова, Низами атындағы мемлекеттік педагогика университетінің профессоры:

- 2023 жылы Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің, атап айтқанда, Қалдыбек Сейдановтың, Лала Жүнісқызының, Ақшагүл Төлегенованың өлеңдері өзбек тіліне аударылып, «Өзбекстан – отаным менің» жыр жинағына енді. Мұның барлығы – атқарылған үлкен жұмыстардың нәтижесі.

Абдулла Рүстемов, Сапарбек Иманбековтер де өткен жылы кең ауқымды шығармашылығымен танылды. Қатары жыл санап толыға түскен қаламгерлер мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Биыл кеңес мүшелері республика деңгейінде Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бердібек Соқпақбаев пен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мерейтойларын атап өтпек. Оның аясында дөңгелек үстел, ғылыми-практикалық конференция және әдеби шаралар ұйымдастыру көзделген.

Ахан Ташметов, жазушы:

- Өзбекстандағы қазақ әдебиетіне көрсетіліп жатқан қолдау ерекше. Кейінгі жылдары мемлекетаралық байланыстар қарқынды дамып, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы мәдени, рухани қарым-қатынас нығая түсті. Содан болса керек, қазір Өзбекстанда қазақ қаламгерлерінің қатары артып келеді. Таяуда ғана арамыздағы 3 азамат Өзбекстанның Жазушылар одағына мүше атанды. Мұндағы қазақ қаламгерлерінің өзіндік стилі бар, ортақ әдебиетке қосар үлесі мол.

Көрші елдегі қазақ әдебиетінің бүгіні мен ертеңі бағдарланған жиында арнайы баспа ашу мәселесі де қаузалды. Кеңес өкілдері бастамаға қолдау білдірді. Профессорлар жастарды тіл тазалығын сақтауға шақырды. «Шұрайлы сөйлеп, жүйелі ой қалыптастырудың сыры осында», - дейді әдебиет саласының өкілдері.

Авторы: Рауан Мыңбаев.

 

«Әншуақ» балалар ән байқауы жарияланды

Елде «Әншуақ» балалар ән байқауы жарияланды. Оған 6 мен 18 жас аралығындағы қала мен ауыл-аймақтағы жеткіншектер қатыса алады. Оқу-ағарту министрлігінің мұрындық болуымен өтетін дода өскелең ұрпақты өнерге баулуға бағытталған. Байқауға қатысу үшін TikTok әлеуметтік желісінде «Әншуақ» хештегімен жанды дауыста шырқалған әннің видеосын жүктеу қажет. Жеңімпаз 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күнінде белгілі болады. Фестивальдің гала концерті елорда төрінде ұйымдастырылады.

Абылайхан Низан, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қосымша білім беру орталығының бөлім жетекшісі:

- Жеңімпаз балалар арнайы димпломдармен, арнайы жүлделермен марапатталатын болады. Соның ішінде «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына жолдама беріледі. Бұл концертке кез келген мемлекеттегі бала қатыса алады. Тек қазақ тілін насихаттау бұл біздің басты міндетіміз болып тұр.