М. Әшімбаев: Креативті индустрияны қолдайтын заң жобасын жасап жатырмыз
Креативті индустрияның экономикалық мүмкіндігі мен келешегі зор.
Ozge Epic креатив хабына барған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Онда жоғары палата спикері «Ел-ана» көрмесінің жұмысы және команданың бірқатар АРТ перформансымен танысты. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат тұтқан хаб қызметі бұдан былай да өнер саласындағы таланттарды қолдайды.
Айта кету керек, Президент тапсырмасымен елімізде осы саланы дамыту бағытында ауқымды шаралар іске асырылып жатыр. Қазірде креативті сектордың ел экономикасындағы үлесі 1%-тен аспайды. Осы көрсеткішті жақсарту үшін алдағы уақытта аталған индустрияны дамыту жолында жан-жақты әрі заңнамалық бағытта да бірлескен әрі жүйелі жұмыс қажет.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазіргі заман талабына қарай дамимыз десек, бізге өнерімізді де заманауи тілде сөйлетуіміз керек. Бұл – бір жағынан экономикамызға мәдениет тарапынан қосылған үлес. Екіншіден, қазақтың заманауи өнерін өзге формада дамыту ұлттың бірегейлігімізді ары қарай қалыптастырады. Қазақ мәдениетінің бүкіл әлем мәдениетінен орын алуға өз үлесін қосады. Осы жолда жүрген жобалары бар компанияларға салық төмендетілген. Біз осы индустрияны қолдайтын үлкен заң жобасын жасап жатырмыз.